Түркістан қаласында өткен республикалық “Жыр алыбы – Жамбыл” атты жас ақындар айтысының облыстық кезеңіне Жетісай ауданына қарасты жалпы білім беру ұйымдарынан екі оқушы қатысып, жеңімпаз атанды.
Атап айтқанда, тақырыптық айтыс бойынша Д.Қонаев атындағы №9 ІТ мектеп лицейінің оқушысы Курушбек Балнұр Бас жүлдені қанжығасына байлап, сәуір айында өтетін республикалық айтысқа жолдама алды.
Қайым айтыс бойынша Ж.Сүлейменов атындағы №70 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Пердебай Зарина ІІ орынды иеленді.
Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданында 84 жалпы орта білім беру ұйымы жұмыс істеуде. Оның 74-і мемлекеттік, 10-ы жекеменшік. Одан бөлек 3 қосымша білім беру ұйымы ашылған.
Мектептерде 5 526 педагог жұмыс істейді. Біліктілік санаттары бойынша айтар болсақ, білім ұяларында оқушыларға 115 «педагог-шебер», 1 539 «педагог-зерттеуші», 1 845 «педагог-сарапшы», 1 255 «педагог-модератор», 772 педагог, 219 мұғалім (жоғары, І, ІІ ) санатындағы ұстаз сабақ береді.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Педагогикалық шеберлік орталығынан 272 мұғалім, Өрлеу біліктілікті арттыру ұлттық орталығынан1694 мұғалім қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өтті.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жетісай ауданында 6 нысан құрылысын қолға алу жоспарланған болатын. Былтыр Жетісай қаласында 1500 орынды,Асықата кентінде 900 орынды, Ынтымақ ауыл округі Ақниет ауылында 600 орынды жайлы мектептің құрылысы бастау алды. Мектептерде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындаЖетісай ауданының білім бөліміне қарасты 74 жалпы және негізгі орта білім беру мекемелері толығымен бейнебақылау жүйелерімен қамтылды. Бүгінгі таңда аудандағы 36 мектептің бейнебақылау камералары аудандық ішкі істер бөліміне қосылған.
Орайы келгенде аудандық білім бөліміне қарасты мектеп оқушыларының жетістіктеріне де тоқтала кетейік. Мәселен, былтыр 2907 мектеп бітіруші түлектің 1219-ы мемлекеттік грант иегері атанса, 173 түлек мектепті «Алтын белгіге» және 207 түлек «Үздік аттестатқа» бітірді.«Мектептерге арналған PISA» халықаралық зерттеу сынағына ауданымыздан 8 мектеп қатысты. Соның ішінде осы зерттеудің бағалау күрделілік деңгейлері бойынша Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясы оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылық бойынша 3-деңгейді, жаратылыстану бағыты бойынша 2-деңгейді бағындыра алды.
Жетісай ауданы бойынша 2023 жылы ББЖМ 4 сыныптар бойынша 15 мектепте өтті. Оған 1 қала мектебі (мектеп-гимназиясы) және 14 ауыл мектебі қатысты. Аудан бойынша орташа бал – 23 болды. Бұл облыстық көрсеткіштен 5,98 балға, республикалық көрсеткіштен 6,13 жоғары. Жетісай ауданы облыс бойынша 2 орынды иеленді.
Жетісай ауданы бойынша 2023 жылы ББЖМ 9 сыныптар бойынша 14 мектепте өтті. Аудан бойынша орташа балы 49,96 болды. Бұл облыстық көрсеткіштен 10,93 балға, республикалық көрсеткіштен 13,16 балға жоғары. Аудан облыс бойынша 3 орынды иеленді.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жалпы 23 оқушы қатысып, оның 16-сы жүлделі орындарды, 7-еуі мақтау қағазын иеленді. Ал, жалпы білім беретін пәндер бойынша 5- 6 сынып оқушыларына арналған Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде аудан оқушылары 10 жүлделі орынды жеңіп алды.
ХІІІ Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінде 2 оқушы, Республикалық кезеңінде Шермахамбет Сымбат-Аманкелді атындағы №19 жалпы білім беретін мектеп ІІ орын иеленді.
Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиадасында, «Абайтану» қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиадасында,«Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасында, «А.Байтұрсынов- ұлтымыздың ұлы ұстазы» облыстық ғылыми жобалар байқауында, республикалық М.Мақатаев оқуларында, республикалық «Жыр алыбы — Жамбыл» атты жас ақындар айтысында, республикалық «МәшҺүр Жүсіп оқулары» байқауында, республикалық «Мағжан оқулары» байқауының республикалық кезеңінде, «Әбіш оқулары» байқауында, республикалық ХХІҮ Абай оқуларында, республикалық ІХ «Ақберен» өнер байқауларының облыстық және республикалық кезеңдерінде,республикалық «Ясауитану» байқауында, «Балалар оқуларында» аудан оқушылары жеңіс тұғырынан көрінді. «IQanat» олимпиадасының республикалық кезеңінде № 10 «Қайнар» мектеп-гимназиясының оқушысы Құттыбек Ержігіт Ғалымжанұлы, № 17 «Түркістан» жалпы орта мектебінің оқушысы Әуелбек Балжан Ниязбекқызы, Н.Исмайлов атындағы № 45 жалпы орта мектебінің оқушысы Жаңабай Даниял Құрбанбайұлы IQanat High of Burabay мектебінің оқу грантының иегері атанды.
Одан бөлек ауыл мектептерінің балаларына арналған «Мың бала» олимпиадасында да 7 оқушы жеңімпаз атанды.«Бастау» ХVІ республикалық математикалық олимпиадасының облыстық кезеңінде3 орынды, Республикалық кезеңінде М.Горький гимназия- мектебінің оқушысы жүлделі 2 орынды иеленді.
9-11 сыныптар арасындағы оқушылардың ғылыми жобалар байқауында, 2-7 сынып оқушыларының «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар байқауында №7 «Тұран» мектеп-гимназиясының оқушысы Бақыт Дархан жеңіске жетті.
Оқушылардың ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде 7 оқушы жүлделі орындарды иеленді. Ал, «Табысты менеджер» байқауында,«Педагогикалық идеялар фестивалі» мен «Үздік авторлық бағдарламалар» атты пән мұғалімдерінің олимпиадасында аудан педагогтерінің абыройы асқақтады.
«Педагогикалық идеялар фестивалінде» 3 педагог І орынмен, 4 педагог ІІ орынмен, педагог ІІІ орынмен марапатталды. «Тұран» мектеп-гимназиясының география пәнінің мұғалімі Надиров Нұрсұлтан Сабырұлы, Д.Қонаев атындағы ІТ мектеп лицейінің көркем еңбек пәнінің мұғаліміЖұмағали Нәмен Базарбайұлы, Аманкелді атындағы №19 жалпы орта мектебінің қосымша білім беру педагогы Шорабекова Айша Бақытжанқызы республикалық кезеңіне жолдама алды.
Қоғамдағы өзекті мәселелерді талдау, шешу жолдарын қарастыру мақсатында мектеп директорларына арналған «Intelleetum DD2» директорлар дебатында №7 «Тұран» мектеп-гимназия директоры Х.Кожбанова, №49 «Сырдария» жалпы білім беретін мектеп директоры Г.Еримбетова 1 орыннан көрінді.
Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша мемлекеттік орта білім беру ұйымдары арасында өтілген облыстық конкурсқа №11 «Жеңіс» мектеп-гимназиясы қатысып, «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын жеңіп алды.