Созақ ауданының білім бөлімінің Т.Әлімқұлов атындағы №14 мектеп интернат-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Шалбекова Ләззат 10 сынып оқушыларына «Ш. Айтматовтың «Алғашқы ұстаз» повесіндегі көркемдік айшықтар» тақырыбында ашық сабақ өтті. Сабақта оқушылар жағымды, жақсы тілектер тілей отырып, қызыл, жасыл түсті асықтар арқылы шығарма кейіпкерлері «Дүйсен», «Алтынай» есімдерімен екі топқа бөлінді. «Көршіңмен талқыла» әдісі арқылы үй тапсырмасы бірнеше сұрақтармен сұралып, бүгінгі сабақ мақсатымен таныстырылды. Оқушылар ұсынылған «Мағынаны тану» кестесіне сай құбылту мен айшықтаудың түрі, қолданылу мақсатын, «Тұжырым картасы» арқылы автор стиліне баға беріп, тұжырым жасады.«Бір тезис, үш дәлел» әдісі бойынша жаңа сабақты қорытындылады. «Ғажайып қоржындар» әдісі арқылы кері байланыс жасалып, оқушылар өз пікірлерін жазды. Оқушылар сабаққа белсене қатысып, білімге деген құштарлықтарын көрсете білді.
Бүгінде Созақ ауданында типтік мектептер саны — 33, ыңғайластырылған мектептер саны – 2. 2023-2024 жаңа оқу жылында 1 сыныпқа 1528 оқушы қабылданып, жалпы аудандағы оқушылар саны 15468-ді(МАД тобында-1219) құрады.
Айта кетейік, бүгінде облыста «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Биыл 29 мектептің құрылысы басталып, келесі жылы аяқталады. Қалған 34 мектеп 2025 жылы тапсырылады. Мектептердің құрылысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауына алынған. Арнайы жұмысшы тобы құрылып, жұмыс жоспары бекітілген. Әр аудан, қалада мектеп салынатын жер анықталып, инфрақұрылымы тартылып, бірнеше мектептің құрылысы басталып кетті.
Облыс бойынша қазіргі таңда 1000 мектеп бар. Оның ішінде 907-сі мемлекеттік, 93-і жекеменшік. Одан бөлек, облыста 1378 мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымы бар. Олардың 77,1%-ы жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар. Сонымен қатар, өңірдегі ерекше балаларға білім беретін және психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес пен қолдау қызметін көрсететін 31 арнайы білім беру ұйымы бар. Соңғы үш жыл көлемінде облыстағы арнайы білім беру ұйымдарының желісі көбейді.
Жалпы елімізде 2026 жылға дейін ұлттық жоба аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 369 мектеп салу көзделген. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмыстардың орындалу сапасын мұқият қадағалап, нысандардың бағасын негізсіз көтеруге жол бермеуі тиіс және мектептерді белгіленген мерзімде тапсыру қажет екенін айтады.
Жалпы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер мәселесін толығымен шешуге бағытталған. Жайлы мектептердің басқа білім ұяларынан айырмашылығы «Жайлы мектептер» бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Яғни, пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар бәрі бірыңғай стандарттар негізінде жабдықталатын болады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша, оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін тарсформер-парталар мен «ауыз су фонтандары» қойылады. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады.
2023-2025 жылдар аралығында елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 401 мектеп салу жоспарланып отыр. Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге бөлінді. Тағы бір айта кететіні, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіру талғамға сай жүреді. Сонымен қатар, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған.