Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамыту жайына басымдық берген болатын.
«Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету. Мен биыл ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және олардың қатысы бар компанияларға сатуға және жалға беруге біржола тыйым салған заңға қол қойдым. Жер кодексіне қазақстандық инвесторларды ауыл-аймақтарды дамыту үшін қаржы салуға ынталандыратын түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер ауыл шаруашылығы жерлерін толық экономикалық айналымға түсіруге мүмкіндік береді. Шын мәнінде, осы шешімдердің барлығы агроөнеркәсіп секторына оң ықпал етеді. Соның арқасында ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналады деп сенемін» — деді мемлекет басшысы.
Бүгінде Кентау қаласында ауыл шаруашылығы өндіріспен қатар дамып келеді. Алдымен айта кетейік облыс орталығы Түркістан қаласына ауыстырылғанда 200 мыңға тарта тұрғыны мен 700 мың гектардан аса жер телімі бар 12 ауыл округі моноқаланың қарамағына өткен болатын.Бұл қаланың ауыл шаруашылығы саласының өндіріспен қатар дамуына әсер еткені рас. Елімізде қолға алынған агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша ауылшаруашылығы саласына жан бітіретін жобаларды іске асыруға қаржылай көмек берілді. Соның нәтижесінде Кентау қаласы Түркістан қаласының тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ете бастады.
Әуелде елді мекендердегі егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету күрделі мәселеге айналған болатын. Жергілікті билік өкілдері бұл түйіткілді оңтайлы шешіп, ауылдардың инфрақұрылымын да жақсартуға күш салды.
Бүгінде шаһарда ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 13390,8 млн.теңгеге өсті. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 11839,8 млн. теңге болатын. Нақты көлем индексі 100,2 пайызды құрады. Оның ішінде малшаруашылығы 5474,6 млн. теңгеге өсіп, нақты көлем индексі 91,7 пайызды құрады. Өсімдік шаруашылығы 7797,9 млн.теңгеге өсіп, нақты көлем индексі 106,5 пайызды құрады. Сүт өнімдерінің өндірісі 10247,7 тоннаға жетіп немесе өткен жылмен салыстырғанда 87,2 пайызға ұлғайды. Ал, 2022 жылы өндірілген сүт өнімдерінің көлемі 11748,5 тонна болатын.
Сонымен қатар, тірідей салмақта2587,0 тонна ет өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 101,2 пайызды құрады. 2022 жылы тірі салмақта 2556,3 тонна ет өндірілді.