Сайрам ауданы Қарасу ауылында орналасқан М.Сапарбаев атындағы №14 жалпы білім беретін мектебіне аудандық білім бөлімінің басшысы Б. Ахметов, Түркістан облысы әкімінің аппараты, қоғамдық саяси сала мониторинг бөлімінің басшысы С.Расул, Түркістан облысы құрылыс басқармасының бөлім басшысы Ш.Пірәлі, Түркістан облысының білім басқармасының бухгалтер-экономисті Ж.Әуелбеков, «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС директоры Е.Орынбаев, «А- Строй Проект» ЖШС бас инспекторы Д.Байдылдаев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары М.Алипов барып, білім ұясының жай-күйімен танысты.
Аталған мектеп 1990 жылы салынған. 350 орынды 2 қабатты, ыңғайластырылған ғимаратта бүгінде 1224 оқушы екі ауысымда білім алуда.
2019-2023 жылдары аталған мектепке қосымша 200 орынды оқу корпусы, спортзал және акт залы, асхана және шеберхана құрылысы жүргізілген.
Сметалық құны 790 318,0 мың теңге, конкурстық құны 612 756,57 мың теңге. Мердігер мекеме «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС, жобалаушы «А Строй Проект» ЖШС, техникалық қадағалаушы «Орда Сидикат LTD» ЖШС.
2024 жылдың 8 ақпан күні ауа райының күрт өзгеріп, қар аралас жаңбыр жаууына байланысты мектептің жаңадан салынған қосымша оқу корпусының жер төлесінде 40 см биіктікке су толған. Ғимарат қабырғаларына, жер төлеге сызаттар пайда болған. Электрощит жер төледе орналасқандықтан ток ұру қаупі ұлғайған. Ғимараттың сыртқы қабырғалары көшуде, себебі суағарлар дұрыс қойылмағандықтан ақаулар орын алуда.
Қазіргі таңда аталған мәселені шұғыл түрде жою жұмыстары жүргізілуде.
Аталған мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында.
Айта кетейік, ауданда 201 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 11-ге артық. Жалпы аудандағы 97 мектептің 74-і мемлекеттік болса, 23-і жекеменшік.
2023-2024 жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 5924 оқушы (2022 жылы – 6231оқушы) келді. Қазіргі таңда аудандағы мектептерде 64 990 оқушы білім алуда. Сала мамандарының мәлімдеуінше, бұл көрсеткіш былтырғы жылғымен салыстырғанда 1584 оқушыға артық. Оқушыларға 7 962 мұғалім дәріс береді. Олардың 7 398-і мемлекеттік мектептерде, 564-і жекеменшік мектептерде жұмыс істейді. Педагогтердің 99 пайызы (7882) жоғары білімді. 7201 мұғалім жаңа форматта біліктілігін арттырған.
Былтырғы жылдың 8 айында 9 мектеп басшысы ротацияланды. 5 мектеп басшысы ауыстыру тәртібімен басқа мектепке ауыстырылды. Қазіргі таңда мерзімсіз келісім шартпен 14 мектеп директорлары жұмыс істеуде. Енді білім беру мекемелерінің аттестаттаудан өту барысы туралы айтайық. Былтыр мемлекеттік аттестаттауға жататын білім беру ұйымдарының тізбесі негізінде Сайрам ауданына қарасты 32 мектеп, 22 мектепке дейінгі ұйымды мемлекеттік аттестаттаудан өткізу жоспарланған болатын.