Келес ауданының білім бөліміне қарасты N47 Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің базасында жас мамандарға арналған “Дарынды балаларға талантты ұстаз” республикалық байқауының аудандық кезеңі өтті.
Педагогикалық байқау жас мұғалімдердің дарынды балалармен педагогикалық білім берудің барлық деңгейлеріндегі қызмет етуге дайындықтың бір түрі болып табылады. Іс шараның мақсаты жас педагогтардың өзін-өзі жетілдіруге және әлеуеттік шығармашылығының дамуына жағдай жасау, білім беру жүйесін жетілдіруге жас мамандардың кәсіби көзқарасын қалыптастыру болды.
Аудандық кезең жеңімпаздары облыстық кезеңге жолдама алды.
Реті келгенде айта кетейік, Келес ауданының мұғалімдері жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Соның дәлелі ретінде бір ғана ауыл мұғалімінің 4 мыңға жуық шәкіртінің ҰБТ-да таңдау пәнінен химия пәнін таңдап, грант иегері атанғанын айтуға болады. Толығырақ баяндай кетейік.
Келес ауданындағы №13 Т.Бигелдинов атындағы жалпы білім беретін мектебінің химия пәнінің мұғалімі Исмайлов Рахымжан Эргешович 23 жылдан бері балаларды химия пәнінен оқытып келеді. Соңғы 10 жылдың өзінде 4000-ға жуық шәкірттері грант иегері атанды. Білікті педагог қосымша білім беру орталығында да сабақ береді. Оны көршілес аудандардан іздеп келетін оқушылар да бар.
— Елімізді кемел келешекке апарар жолдың бастауында мектеп тұрады. Ал мектептің жүрегі – мұғалім екені даусыз епес пе? Шәкірт ұстазға қарап өседі. Оқушыны білімге қызықтырып, өз әлеміне баурап алу үшін ұстазға білім, биік парасаттылық керек. Қазір мен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындаған Келес және Сарыағаш аудандарының мектеп түлектері еліміздің үздік жоғары оқу орындарында білім алуда. Мен үшін мұғалім болу мәртебе. Оқушыларым медицина, химия саласында еліміздің дамуына өз үлесін қосса мен бақыттымын,-дейді химия пәнінің мұғалімі.
Білікті педагог дайындаған оқушылардың көпшілігі Алматы қаласындағы С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Қарағанды қаласындағы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы сияқты жоғары оқу орындарында білім алған.Сондай-ақ, Рахымжан Эргешовичтің шәкірттері аудан, облыс, республика көлеміндегі жарыстар мен олимпиадалардың жеңімпаздары. Атап айтқанда 9-сынып оқушысы Сайданова Жанат Химия пәнінен Қ.Сәтбаев атындағы V Республикалық олимпиадасының аудандық кезеңінде жоғары білім деңгейін көрсетті. Ал, 11-сынып оқушысы Аманбаева Марал Химия пәнінен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасымен бірлесе өткізілген III облыстық Менделеев олимпиадасына қатысып, жүлделі орынға ие болды.
Оның авторлығымен жақында 7-8 сыныптар мен 10 сыныптарға арналған «Химия пәнінен тесттер жинағы», «ҰБТ-ға дайындық» әдістемелік жинақтары жарыққа шықты.