Түркістан қаласында Білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Дарынды балаларға талантты ұстаз» байқауының облыстық кезеңі өтті.
Жас педагог қызметкерлердің шығармашылық әлеуетін және өзін-өзі дамыту үшін жағдай жасау, білім беру жүйесін жетілдіруге жас мұғалімдердің белсенді кәсіби көзқарасын қалыптастыру мақсатында өткен байқауда Келес ауданының ұстаздары жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтар болсақ, С.Қожанов атындағы №18 жалпы білім беретін мектептің ағылшын тілі мұғалімі Канаева Балнұр, “Жамбыл” атындағы №60 шағын жинақты жалпы білім беретін мектептің физика пәнінің мұғалімі Сапаров Бекжан, Ж.Баласағұн атындағы №4 жалпы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жумабекова Зульфия, С.Қожанов атындағы №18 жалпы білім беретін мектептің математика пәнінің мұғалімі Көшкінбаев Манас, Т.Бигелдинов атындағы №13 жалпы білім беретін мектептің география пәнінің мұғалімі Рисбаева Маъмура, Д.Қонаев атындағы №47 жалпы білім беретін мектептің химия пәнінің мұғалімі Сейіт Бағлан, З.Рүстемов атындағы №32 жалпы білім беретін мектептің тәлімгері Бейсенова Раушан жүлдегер атанды.
Айта кетейік, жақында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Біртілек ауылдық округінде болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Ауыл тұрғындарымен басқосуға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы және аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлім басшылары қатысты. Кездесу барысында ауылдық елді мекендердегі өзекті мәселелер қозғалып, алдағы жоспарлар талқыланды.
– Біртілек ауылдық округі ауданымыздағы ең ірі аймақтардың бірі. Тиісінше мұнда инфрақұрылым, жер, әлеуметтік мәселелер күн тәртібінен түскен емес. Биыл ауылдық округі орталығынан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 300 орындық жаңа білім ғимараты пайдалануға беріледі. Бұл мектеп екі ауысымда 600 оқушыға білім беруге қауқарлы болмақ. Сәйкесінше жақын маңдағы ауылдардың оқушылары осы мектепте білім алуға негіз бар, — деді аудан басшысы.
Орайы келгенде тілге тиек ете кетейік, таяуда Келес ауданнында тағы бір жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Оқу жылының ІІІ — тоқсанында Жүзімдік ауылдық округіне қарасты Жүзімдік елді мекенінің оқушылары жаңа да зәулім, заманауи құралдармен жабдықталған, арнайы сыныптары бар 300 орынды мектепке шаттана кірді. “Толағай” негізгі орта мектебінде қазіргі таңда 18 педагог, 6 қызметкер жұмыспен қамтылған. Мектептің жалпы құрылысына 300 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Мектепте балалар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жан басына қаржыландыру бойынша оқытылады.