Кентау қаласында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің тұрғындармен кездесуі өтті. Келелі жиынға Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Бахытжан Әшірбаев модераторлық етті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында айтқан маңызды міндеттерін іске асыру жайы талқыланды.
Алқалы басқосуға Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, Түркістан облысы білім басқармасына қарасты «Білім беруді дамыту» орталығының «Тәрбие және әлеуметтік психология» кафедрасының жұмыстар бойынша әдіскері Балзада Омарова, Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция капитаны Мағдияр Дүйсенбай, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Талантты жастарды қолдау» бөлімінің басшысы Нұрболат Жүрсін, Кентау қалалық Мансап орталығының бас маманы Дамира Асқынбай, сондай-ақ жергілікті тұрғындар, ҚХА жанындағы құрылымдарының мүшелері, ұстаздар, жастар, БАҚ өкілдері қатысты.
Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, жалпы Түркістан өңірінде этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту бағытында қолға алынған ауқымды істер жайлы айтып өтті.
Күн тәртібіне сәйкес, жиында синтетикалық есірткінің ағзаға зияны мен әсері, «Синтетикалық есірткіні қолданатын адамды қалай тануға болады», «Жасөспірімдер арасында буллинг пен кибербуллингтің алдын алу», «Білімді ұрпақ — жарқын болашақ кепілі», Экстремизм мен терроризмге қарсы ақпараттық-насихаттық алдын алу және сақтандыру бағыттары, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру аясында еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен еңбек күші тапшы солтүстік өңірлерге қоныс аудару, Ұлттық жоба шеңберінде көрсетілетін белсенді жұмыспен қамту шараларының басым бағыттары сөз болды.
Аталған тақырыптар төңірегінде жауапты сала жетекшілері мазмұнды баяндама жасады. Бұл ретте, тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, кездесу пікір алмасуға ұласты.