Былтыр Түркістанға қоныс тепкен «Білім-инновация» лицейінің әлеуеті артты. Республикалық олимпиада нәтижесіне сәйкес еліміз бойынша «Ең үздік» 11 білім ордасының қатарынан көрінді. Бұл олимпиадаға қатысқан 8000 мың мектеп ішіндегі оң қорытынды нәтиже. Жоғары көрсеткішпен лицей 2021 жылы 50-орын, 2022 жылы 31-орын алған болатын. Ал өткен жылы 26-орынға көтерілген еді. Биыл бірден жоғары көрсеткіш көрсетіп, облыс мерейін үстем етті.
«Түркістан Білім-инновация» лицейі – 1992 жылы алғашқылардың бірі болып талапты оқушыларды қабылдаған білім ордасы. Осыған дейін лицей ғимараты Кентау қаласында орналасқан болатын. 2023 жылдың соңында сәні мен салтанаты келіскен жаңа лицей ғимараты Түркістан төрінде ашылды. Лицей ғимаратының ашылу салтанатына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, оқушыларға сәттілік тілеген. Сондай-ақ, 2023-2024 оқу жылынан бастап 31 жыл тек ер балаларды қабылдап келген лицей, дарынды қыз балаларға да тәлім беруді бастады.
Инновация-лицейінде оқушылар 7-сыныптан бастап білім алады.
Ерекшелігі – ұлдар мен қыздар бөлек оқиды. Ұлдар үшін 400-ге жуық орындық, қыздар үшін 300-ге жуық орындық қарастырылған. Лицей жаратылыстану-математика бағытына басымдық береді. Физика, химия, биология, математика және информатика пәндері ағылшын тілінде өтеді. Оқушылар 4 тілді меңгеріп шығады.
Айта кетейік, «Түркістан Білім-Инновация» лицейі 700 оқушыға арналған. 500 орындық жатақханасы да бар. Ұлдар мен қыздар бөлек оқып, жатақханада да 2 бөлек блокта тұрады. Білім ұясы ең соңғы үлгідегі заманауи оқу құралдарымен жабдықталған. Оқу ғимараты базасында 30 сынып, 15 лабораториялық, 23 қосымша кабинет бар. Ал асханада бір мезгілде 250 адам тамақтана алады.