Арыс қаласының білім бөлімі әдістемелік кабинетінің жылдық жоспарына сай, бөлім басшысының 03.06.2024 жылғы №249 бұйрығы негізінде «Қиял Әлемі» балалар бақшасы ЖШС-нің базасында 2024 жылдың 5 маусым күні «Ертегі әлемі арқылы баланың ойлау қабілетін арттыру» тақырыбында қалалық тәжірибелік семинар өтті.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының әдіскерлері мен тәрбиешілеріне арналған тәжірибелік семинарға Арыс қаласының білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Г.Молдашева, бөлімнің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының әдіскері М.Жайсанбаева, мобилді топ мүшесі Т.Хайназарова және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілері, әдіскерлері мен тәрбиешілері қатысты.
Аталған семинардың мақсаты – ертегілер әлемі арқылы балалардың ойлау, сөйлеу қабілеттерін дамыту, ертегіні таныстыра отырып сахналауға үйрету, театр өнеріне деген қызығушылығын арттыру. Перадагогтер арасында қарым-қатынасты нығайту, бір-бірімен тәжірибе алмастыру.
Балабақшаның тәрбиешілері Ибадуллаева Ботагөз Онгарбековна «Шұғыла» ересек тобымен «Бауырсақ» ертегісі, Оңалбек Ақниет Қалдарбекқызы «Бәйтерек» ересек тобымен «Мақта қыз» ертегісі, Аширбекова Мольдер Оразбековна «Балапан» ортаңғы тобымен «Шалқан ертегісі тақырыбында ашық ұйымдастырылған іс-әрекетін, Байтемирова Улданай Тлеубековна педагогтермен «Ұжымдастармен көңілді» тақырыбында тренинг өтіп, өздерінің тәжірибесімен бөлісті.
Семинар соңында балабақшаның кішкентай бүлдіршіндері өз өнерлерін көрсетіп, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетсек, «Бала естігенін айтады, көргенін істейді» – деп қазақ халқы бекер айтпаған. Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы зор. Кішкентай сәбилеріміз ата-анасының, тәрбиешісінің, достарының мінезіненғ жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен үлгі алуға тырысады. Бала бойына адамгершілік қасиеттерді ойын, салт-дәстүр, мақал-мәтелдер, ертегілер, жұмбақтар, айтыс өлеңдер арқылы сіңіру ата-ана мен тәрбиешілердің басты міндеті. Демек, жас баланың ойлау, есту, сөйлеу, көру, есте сақтау қабілеттерін дамытуда халық ауыз әдебиетінің үлгілерінің алатын орны ерекше. Солардың ішінде көп тараған үлгілерінің бірі «ертегілер».
Ертегінің тәрбиелік мәні зор. Ол сәбидің қиялына қанат бітіріп, бойындағы игі қасиеттердің қалыптасуына жол бастайды. Ертегілер – халқымыздың тұрмыс-салтын, арман-үмітін, өткен өмірін кеңінен танытатын ауыз әдебиеті үлгілерінің көлемді саласының бірі. Ертегілердің білім мен тәрбие беру саласында маңызы өте зор. Мектеп жасына дейінгі балаларға ертегілерді оқып беру арқылы адамгершілікке тәрбиелеуге болады. Әрбір ертегіне оқып беріп, таныстыру арқылы танымдық қабілеттерін арттыруға болады. Балабақшадағы жоғары топтарда өткізілетін әрбір ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде ертегілерді негізгі динамикалық қозғаушы күш яғни дидактикалық көрнекіліктер ретінде пайдалануға болады.