Соңғы екі ғасырда адамзат тарихында секуляризация үрдісі белсенді жүріп, нәтижесінде зайырлылық принциптеріне негізделген басқарушылыққа бет бұрған елдердің саны артты. «Зайырлылық» және «зайырлы мемлекет» ұғымдары әлем елдерінің бет-бейнесін айқындайтын негізгі сипаттардың біріне айналды. Зайырлылықты мемлекет пен дін ажыраған деп қысқа қайыруға әсте болмайды. Әр елдің салт-дәстүріне, дүниетанымына, ұстанатын дініне байланысты өзіне тән ерекшелігі болады. Бұл бағыттың көш басында Франция, Италия, Германия, Ұлыбритания елдері ерекше көзге түсті. Дегенмен, Батыстың көптеген елдерінде дін мен мемлекет арасы бөлінгендігіне қарамастан, олардың зайырлылық ұстанымдарында өзіндік ерекшеліктері бар. Жоғарыда тілге тиек еткен Франция дін мен мемлекет арасындағы қатынастарды құқықтық реттеу механизмін демократиялық, құқықтық қағидаларға сай жүйелі жолға қоя білген өркениетті мемлекет. Сол себепті Францияның зайырлы мемлекет ретінде қалыптасу тәжірибесін көптеген мемлекеттер өз елдеріне үлгі ретінде енгізген. Конституциялық норма ретінде 1946 жылғы Конституцияда «Франция – біртұтас, зайырлы, демократиялық, әлеуметтік Республика» деп бекітілген. Осы Конституцияға сәйкес «барлық нанымдарды құрметтейді» деп айқындаған. Аталған ерекшеліктерді ғылыми тұрғыдан жан-жақты талдау Францияның зайырлылық бағытын үлгі ретінде қарастырған Қазақстан қоғамы үшін де маңызды болмақ.
Әр өлкенің өз тарихи және қоғамдық тәжірибелері олардың дін саясаттарына көп ықпал етеді. Сондықтан әр мемлекет өзінің саяси бағытын өрбіту барысында демократия, негізгі адам құқықтары, дін мен ар-ождан бостандығы сияқты негізгі құндылықтарға қатысты туындайтын қайшылықтың алдын алу үшін өзінің қоғамдық құрамын назардан тыс қалдырмайды. Батыс елдерінің саяси мәдениеті, қоғамдық құрылымы және жалпы ұлттық мәдениеттерінің бір-бірінен айырмашылығы – аталған өлкелердің дін мен мемлекет қатынастарына және зайырлық түсініктеріне, діни мекемелер мен діни білім беруге байланысты заңнамаларына, сондай -ақ, түрлі дін өкілдеріне көзқарастарына да әсерін тигізуде. Бұл мәселені өз елімізде де белгілі дін саласының мамандары да талдап, халыққа жеткізіп келеді.
Алдымен, зайырлылық ұғымына тоқталар болсақ. «Зайырлы» сөзі қазақ тіліне «ашық», «айқын», «сыртқы» деген мағыналарды білдіретін араб тіліндегі «захири» сөзінен енген. Зайырлылық – демократияны ұстана отырып, ұлттық дүниетанымға еркіндік, ар-ождан мен діни сенімге бостандық беріп, мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуын қамтамасыз ету деген сөз. Мұндай мемлекетте діни бірлестіктерді қаржыландырмайды, олардың ішкі мәселелеріне араласпайды, бірақ әр азаматтың өз сенімін, дінін ұстануына кепілдік береді, тіпті жағдай жасайды. Демек, зайырлылықтың аясын кеңейтіп, халқымыздың рухани қажеттілігін өтейтін жаңаша жол табу, басқа мемлекеттің идеологиясының көшірмесі болмау, қайта ұлтымыздың болмысын, салт — дәстүрін, ерекшелігін осы зайырлылықпен көрсету керек.
Жалпы зайырлылықтың заманауи үлгісін көрсетуде Қазақ елі әлемнен өз орнын тапты. Қазақстан Республикасының Ата Заңы болып есептелетін – ҚР Конституциясының 1-бабының, 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Демек, адамның қай дінге сенуіне, оның сенім бостандығына Конституция кепілдік береді, яғни саясатты араластырмайтынын білдіреді. Бұл дегеніміз Қазақстан Республикасы барша діндерге бейтарап қарайды. Жекелеген діндерге мемлекеттік тұрғыдан басымдық берілмейді. Бұл зайырлылық моделінің бір ерекшелігі деп айта аламыз.
Зайырлы деп танылған елде әртүрлі діни ағымдар өмір сүре алады, оларға деген қағида ортақ – сол азаматтардың заңға бағынып, заң алдында тең болуы. Соңғы зерттеулердің статистикалық мәліметтеріне сүйенетін болсақ, әлемде 100-ден аса мемлекет өзін зайырлы ел деп жариялаған болса, 75-тен аса мемлекетте дін республиканың ресми бөлігі болып табылады. Бұл деректерден біз әлем бойынша зайырлылық бағытты ұстанатын елдердің басымдығын көреміз. Демек, зайырлылық құндылықтарының адамзат өміріндегі орны айқындалып, оның басты ұстанымдары, артықшылықтары жоғары деңгейде мойындалып отырғаны сөзсіз. Яғни, зайырлылық қоғамдардағы қарым-қатынастарды, әртүрлі дүниетанымдар мен наным-сенімдерді үйлестіруші бірегей институт.
Зайырлылық тек қана құлшылық пен сенім бостандығы немесе мемлекет пен діннің өзара ажыратылуымен шектелмейді, оның негізгі мақсаты жеке тұлғаны сырттан танылған діндердің және идеологиялардың қысымынан қорғауды, құтқаруды көздейді. Соқыр фанатизм бейбіт халқымыздың психологиясына және дініне жат. Қазіргі заманғы зайырлы мемлекет үлгісінің негізінде адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына байланысты құқықтық мәселелерді теократиялық, авторитарлы және тоталитарлы мемлекеттерден өзгеше түсінік бар. Бұл жердегі ең бастысы – діннің мемлекеттен ажыратылу қағидаты. Біздің еліміздің ұстанымы да азаматтарымыздың діни сенім бостандықтарына да еркіндік бере отырып, бейбіт мемлекет қалыптастыру. Баршамызға мәлім Қазақ елінің шаңырағының аясында 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері қоныстанып отыр. Дінаралық достық, конфессияаралық келісім – біздің басты байлығымыз. Осы құндылықтарымызды одан әрі байыту, әрі нығайту жолында еңбектене беруіміз керек.
Е.Ештай,
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы