Түркістан облысындағы балаларды сауықтыруға арналған жазғы демалыс мекемелерінің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қадағалау шаралары жүріп жатыр. Осы мақсатта материалдық-техникалық базаны дайындау, сумен қамту және кәріз жүйелерін жақсарту шаралары атқарылуда. Одан бөлек, технологиялық және мұздатқыш қондырғыларының дұрыстығы, жұқпалы ішек аурулары мен тамақтан уланудың алдын алу жұмыстары жүргізілмек. Бұл жайында Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов мәлімдеді. Аталған іс-шаралардың орындалуы ҚР Денсаулық сақтау министрі бұйрығының талаптарындағы санитариялық қағидалары негізінде жүргізіледі.
Жалпы 2023-2024 оқу жылында 22 жазғы сауықтыру лагері қызмет көрсетеді деп жоспарланып отыр. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 35 мыңнан астам оқушы бюджет есебінен тегін қамтылады. Сондай-ақ 20 мыңға жуық оқушы ата-аналары есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры есебінен Түлкібас, Төлеби аудандарында 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. Оқу-ағарту министрлігінің берген нұсқаулықтарының негізінде мектеп жанында 5 күннен шатырлы және киіз үйлердің жұмысы ұйымдастырылады. Оған 10 мыңға жуық оқушы қамтылмақ. Қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен төленетін болады. Жалпы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 444 педагог қызметкерлер жұмыс істейді. Бүгінгі таңда осы лагерьлердің жұмысын қызықты өткізу үшін «Үздік жаздық бағдарлама» байқауы жоспарланып отыр.
Өз кезегінде санитарлық қызмет тарапынан жазғы сауықтыру маусымына дайындық кезеңі бақылауға алынған. Оның ішінде, балалардың құнарлы әрі қауіпсіз тамақтануы және дене тәрбиесі бар. Бұдан бөлек, лагерь қызметкерлерінің гигиеналық дайындықтары мен алдын ала медициналық тексеруден өтуі қадағаланады.