Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінде Созақ аудан әкімінің орынбасары Серік Мамановтың қатысуымен жиын өтті. Аталған жиынға мектеп директорлары мен меңгерушілер қатысты. Күн тәртібінде 2023-2024 оқу жылының қорытындысы талқыланды.
Аудан әкімінің орынбасары С.Маманов өз сөзінде білім беру ұйымдарындағы 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша өткізілетін мектеп бітірушілердің іс-шарасында тәртіптік шараларды қатаң сақтауды қамтамасыз ету, учаскелік полиция қызметкерлерін тарта отырып, мектеп аумағында кезекшілікті және қауіпсіздік шараларын сақтауды қамтамасыз ету мектеп басшылығына міндеттелетінін атап өтті.
Жиын барысында «Жазғы мектеп» жұмысын ұйымдастыру, жазғы кезеңде мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерді ұйымдастыру, электронды журналды толтыру, бағалау нормативтерін сақтау мәселелері қаралды.
Жиын соңында бөлім мамандары тарапынан білім беру ұйымының басшыларына күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша атқаруға тиісті шаралар түсіндірілді. Жиынға қатысушылар тарапынан түрлі ұсыныс-пікірлер айтылды. Алдағы таңда жиын барысында талқыланған мәселелер бойынша жұмыс жоспарына сәйкес атқарылар жұмыстарға бағыт-бағдар берілді.