Қазақ – бір ауыз сөздің қадірі мен қасиетіне терең бойлай білген халық. Сондықтан болар, сөз сүйектен өтеді деп дана ата-бабаларымыз текке айтпаған. Адамның қоғамда өз орнын табуында, көпшілік құрметі мен сеніміне ие болуында, кемел ғұмыр кешуінде орнымен, дәмді, дәйекті сөйлей білу, тауып айтатын тапқырлығы үлкен рөл атқарады. Өйткені ақылы кемел, кісілігі зор, білімі мол, адам ғана солай сөйлей алады. Ондай дәмді, қисынды, қысқа қайыратын қызықты, айшықты да әділ сөзді халық ұйып тыңдап, тура сөз – құдайы сөз деп тоқтаған.
«Өнер алды – қызыл тіл», «Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашады» деп тілді аспандата дәріптесе, енді бірде «Басқа пәле – тілден», «Көнектей басыңа шүмектей тілің жау», «Айтылған сөз – атылған оқ» деп тірнектеп жиған абырой-беделіңді орынсыз айтылған сөздің айрандай қылып төгіп жіберетінін де айтқан. «Сөз қадірін білмеген – өз қадірін білмейді» деген халық «Құлаққа кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар», «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деп, сөз семсерін оңды-солды серпи берудің көңіл жаралайтынын, сондықтан, әрбір сөзге абай болуды меңзейді.
Тілден туындайтын бірнеше кесапаттар бар. Ол өз ішіне мына тақырыптарды қамтиды: ғайбат айту, өсек тасу, арсыз сөз сөйлеу, пайдасыз әңгіме, әңгіменің қызуына кіріп, бәсеке-таласқа жол беру, жалған сөйлеу, құпия сырды жаю, уәдені бұзу, орынсыз әзілдеу, мазақтау, келемеждеу, өтірік мақтау, сөзінде нақтылықтың болмауы, екі сөйлеу, есер өлең, куә болғанын жасыру немесе өтірік куә беру.
Біз адамның тілін Алланың ең көркем етіп жаратқан жаратылысы ретінде қабылдаймыз. Себебі, «сүйектен өтіп» мірдің оғындай алысқа жетелейтін өрісі де кең, өресі де биік тілдің қарымы қашанда биік көрінеді.
Пайдасыз бос сөздер адамның жүрегін қатайтып, Алладан алыстатады. Алайда тіл – адамды басқа жаратылыстардан ерекшелейтін негізгі белгі, адамның ең басты ерекшелігінің бірі екендігін естен шығармаған жөн.
Адам шынында күнәнің көбін тілінен табады екен. Шындықты бетке айттым деп біреуді еш негізсіз ғайбаттау көріністері аз кездеспейді. Осылай адал адамды қаралап, өзі осы қылығы арқылы күнә арқалайтынын білмей қалады.
Міне, «Басқа пәле – тілден» деген сөз пайымын түсінген адам басқаға ғана емес, ең алдымен өзіне төнер қауіптен құтылады. Баяғыда бір дана: «Менің тілім – бір жыртқыш аң. Егер бетімен жіберсем, өзімді жеп қояды»,-деген екен.
«Ауызың сөз тұрмайтын жеңіл болса, ауызыңа тас салып ал»,- деген даналықтың осындай шариғат ұстанған даналардан қалған сөз екенін енді білгендейміз.
Шариғат сабақтары қазақы қоғамның барлық тұстарында көрініс беретінін де жоққа шығара алмаймыз. Шешендік сөздердің өн бойы осындай сырларға толы. Қазақ – бір ауыз сөздің қадірін ұққан жұрттың бірі. Басынан сөз асырмаған бабаларымыз да бір ауыз сөздің қарымын қадірлей білген. Себебі, қазақтың ақыны да, шешені де, батыры да ұйқастырып бір ауыз сөз айта алатын дәрежеде болған.
Хәкім Абай айтқандай: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, бес дұшпаның білсеңіз»,-дегенде сол бес дұшпанның үшеуі – өсек, өтірік, мақтаншақтық тілмен өрбитініндігі белгілі.
Өсек айтып, ғайбат сөйлеу – адамды күнәге жетелесе, мақтаншақтық тәкәппарлыққа жетелейтінін ащы сынмен түйреп өтеді. Шынында, қазақ арасында имани ұғымға қайшы келетін мұндай мінез-құлықтар көптеп кездеседі. Ол бүгінгі күннің ащы да болса шындығына саяды. Себебі, надандық жаманды жарға жығады. Сөйлер сөзін пайымдай білмеу – абыройын айрандай төккізіп, беделінен айырады.
Қорытындылай келе он бәленің тоғызы тілден демекші, тілге ие бола алсақ көптеген басқа келетін келеңсіз жағдайлардан аулақ боламыз. Сөз ауыздан шыққанша біз қожайынбыз, аузымыздан шыққаннан кейін сөз бізге қожайын екенін ұмытпаған абзал.
Әбділкәрім Болат,
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы