Қазақтың ежелден келе жатқан тіршілігімен тығыз байланысты үш дүние бар. Олар – киіз үй, ер-тоқым және домбыра. Киіз үйді баспана ретінде бағаласа, «Ер жігіттің қанаты – ат» болса, ер-тоқым сол қанатқа қажет бұйым. Ал домбыра – қазақ халқының рухани байлығының кілті.
«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр Мырза Әлінің сөзін ұран еткен халқымыздың көңіл төрінде домбыраның орны ерекше. Себебі басынан небір қилы заман өтсе де, бодандық қамытын кисе де төл аспабы қолынан түспеді. Одан тараған қоңыр үн жадында тарих боп қатталып, шежіре боп шертілді.
Күй атасы – Қамбархан алғашқы (мифологиялық деректерде) домбыра аспабын жасаушы, күй шығарушы. Жалпы Қамбар ата бейнесi бүкiл түркі жұртына белгiлi, есiмi аңызға айналған тұлға. Қазақтың, қырғыздың күйшiлерi (бақсысы) өз күйлерi мен саздарын осы Қамбар ата рухына бағыштаған. Қазақ ежелден қуаныш пен қайғыны, жақсылық пен жамандықты қара домбыраның үнімен жеткізген.
Ел аузындағы аңыз бойынша әйгілі Шыңғыс ханға Жошының өлімін жеткізген де домбыра еді.
Домбыра – тек күй тартуға ғана емес, ән айтқанда сүйемел үшін де қолданылатын аспап. Біржан Сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Кенен Әзірбаев, Әміре Қашаубаев сияқты белгілі әншілер домбыраның әнге әр беріп, әншіге демеу болатынын дәлелдеген.
Домбыраның салт-дәстүрімізде алар орны айрықша. Мысалы келіннің бетін қасиетті домбырамен ғана ашқан. Халық ауыз әдебиетіндегі кез келген тұрмыс-салт жырлары домбыраның сүйемелденуінсіз өтпеген.
Тіпті осы киелі аспаптың бағасын халықаралық дәрежедегі ғалымдар да ақын, жазушыларда айтып кеткен. Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Біздің қазақ ән құмар халық. Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтып-айтысып жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады»-деген екен.
XX ғасырдың 20-жылдары қазақтың ән-күйін жинақтаған А.Затаевич өзінің әйгілі «Қазақ халқының 1000 әні» кітабында: «Сырт көзге қарапайым көрінетін домбыра шебер орындаушының қолына тигенде өз шамасынан әлдеқайда асып түсіп, құлпырып шыға келетініне қайран қаласыз» дейді.
Қазақтың киіз үйі, қара домбырасы және айтыс өнері бүкіл әлем елдерінің ең ежелгі мұралары ретінде «ЮНЕСКО» тізіміне енген.
Өкінішке қарай, әлеуметтік желі қолданушылар арасында және кейбір өнер адамдарымыз дінге бет бұрған соң, шетелдерден келген немесе сол жақтарда тәлім алып келген уағызшыларға еріп, «домбыра тарту, беташар жасау, келіннің сәлем салуы – харам» деп, өнерді тастап, кейбіреулері қазақтың сөз өнерінің бірі болып табылатын айтысты да шетке ысырып, астамшылыққа бой алдыруда.
Осындай жаңсақ пікірлердің орын алмасы үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы мәлімдеме жасап, онда: «Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқының ұлттық аспабы – домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақыру мағынасында айтылған әнге рұқсат. Ал адамға жаман ой тастайтын, әдепсіз іске үндейтін ән айтуға шариғатымыз тыйым салған. Ұлттық құндылықтарға қарсы келу дұрыс емес екенін мәлімдейміз», – делінген.
Қазіргі күндері ұлттық құндылығымыз – домбыраны насихаттауға өз деңгейінде назар аударылуда. 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспабының күні «Ұлттық домбыра күні» ретіне тойланып келеді.
Қай ұлт болмасын, өзінің ұлттық тамырынан ажырамауы тиіс. Атадан қалған баға жетпес мұрамызды жас ұрпақ өз деңгейінде құрметтеп, келер буынға аманат етсе, нұр үстіне нұр болмақ.
Айдана Сейдуәлі,
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы