Жаз айы – балалар үшін жылдың ең қызықты маусымы, бір жыл бойына күткен демалыс уақыты. Сондықтан да жазғы маусымды асыға күтетін балалардың демалыстарын жоғары дәрежеде ұйымдастыру ата-аналармен қоса біздің де басты міндеттеріміздің бірі. Осы мақсатта бөлім жыл сайын қарқынды жұмыс жүргізіп келеді.
Жылдағы дәстүрге сәйкес биыл да мектеп жанындағы лагерьлер ұйымдастырылып, қаламыздағы 32 мектепте осындай лагерьлерде демалыстарын қызықты да тиімді өткізу мақсатында қызықты ойындар, саяхаттар және үйірмелер ұйымдастырылды. Ал, бөлімге қарасты жазғы сауықтыру лагерінде 900 бала, Төле би ауданындағы «Эделвейс» лагерінде 1000 бала, «Гавай» лагерінде 300 бала демалысы ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда «Гавай» лагерінде 100 бала, «Эделвейс» лагерінде 300 бала демалып үлгерді.
Бөлімге қарасты жазғы сауықтыру лагері де өз жұмысын бастап кетті. Алғашқы маусымда 150 баланы қабылдаған лагерьде балалардың жоғары деңгейде демалуларына барлық жағдай жасалған. Маусымның ашылу салтанатында сөз алған қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев пен білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова балаларды жаңа маусымның ашылуымен құттықтап, жазғы демалыстарын жақсы өткізулеріне тілектестік білдірді. Өз кезегінде оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, лагерьде тек демалып қана қоймай, өнерге де бейімделгендікдерін байқатты.
–Әр бала – еліміздің болашағы. Оларға тек білім мен тәрбие беріп қана қоймай, балалықтың бақытты шағын сезінулері үшін тынымсыз еңбек етуіміз қажет. Сол мақсатта биылғы жылы жазғы лагерлерде демалатын балалардың санын да арттырып отырмыз. Ал, сол лагерлерде жағдайдың жоғары деңгейде жасалуы, олардың лагерден зор қуанышпен қайтуларын қамтамасыз ету, олардың көңілінен шығу сіздер мен біздің жасаған еңбегімізге байланысты. Сондықтан сіз бен біздің мақсатымыз да, жұмыс бағытымыз да бір болуы қажет, – деген Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы «Эделвейс» лагерінің басшылығымен жазғы демалысты жоғары деңгейде ұйымдастыру бойынша пікірлесті.
Лагер басшысы Бекарыс Шойбеков білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы мен «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Әбибуллаұлын лагерьдің тыныс-тіршілігімен, балаларға жасалған жағдайлармен таныстырып, 900 баланың демалулары үшін барлық жағдайлар жасалғандығын атап өтті.
Айта кетейік, биылғы жылы түркістандық 1000 оқушы Төле би ауданында орналасқан «Эделвейс» лагерінде демалуға мүмкіндік алған болатын. Бүгінгі таңда тау баурайындағы тамаша табиғат аясында орналасқан лагердің алғашқы маусымында 300 бала демалуда. Олардың жағдайымен, лагердің тыныс-тіршілігімен танысуға арнайы барған бөлім басшысы Қолдасова Оразкүл Шайхықызы мен «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Құлжабаев Бақытжан Әбибуллаұлы лагер басшыларымен, бірқатар оқушылармен тілдесіп, ондағы жағдаймен танысты. Оразкүл Шайхықызы мен Бақытжан Әбибуллаұлы лагер жұмысын жандандыру, демалысты жоғары деңгейде ұйымдастыру бағытында нақты талап-тілектерін жеткізді. Өз кезегінде лагер басшылары балалардың демалысы үшін барлық жағдайларды жасап, олардың уақыттарын тиімді әрі қызықты өткізу үшін ұжым мүшелері тынымсыз еңбек етіп жатқандығын айтты.