Жақында Кентау қаласы және оған қарасты ауылдарда қора-жайлар мен жапсарлас аумақтар күл-қоқыстан, көң, қидан тазартылып, кенеге қарсы залалсыздандыру (дезинсекция) жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, облыстық ветеринария басқармасы тарапынан Кентау қаласы және оған қарасты ауылдар бойынша қора-жайлар мен жапсарлас аумақтарға механикалық тазарту жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру қажеттілігі жөнінде Кентау қаласының әкімдігіне, ауыл әкімдеріне арнайы хат жолданып, тапсырма берілген болатын. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде мақалалар жарияланып, сала мамандары тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бүгінде Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдар уақ малды тоғытуға арналған хауыздармен қамтамасыз етілген. Тарқатып айтар болсақ, Кентау қаласында -2 дана, Қарнақ ауылында -1 дана, Хантағы ауылында-1 дана, Ащысай ауылында-1дана, Байылдыр ауылында -1 дана уақыт малды тоғытуға арналған хауыз бар. Сала мамандарының мәлімдеуінше, олардың барлығы да жұмысқа жарамды. Қоршаулар орнатылған. Сондай-ақ, онда 10 ранц аппараты, 1 дана сәйкестендірілген ДУК бар. Одан өзге де қажетті препараттар мен арнайы қорғаныс киімдері берілген.
Жалпы Түркістан облысы ветеринариялық басқармасының «Кентау қалалық ветеринарлық қызметі» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны энзоотиялық аурулардың (Конго-Қырым қанды қызбасы) алдын алу мақсатында кенеге қарсы шараларды (ірі қара, жылқы, түйелерді бүрку, уақ мал тоғыту және үй іргелік қора-жайлармен буферлік аймақтарды тозаңдату) көктем және күз айларында жүргізуді жоспарлаған болатын. Көктем айларында 25109 ірі қара малды бүркуден, 96207 уақ мал тоғытудан өткізілсе, 136000 шаршы метрді құрайтын үй іргелік қора-жайларға, 1023956 шаршы метрді құрайтын қора-жайларға залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, көктемгі жұмыстары толығымен аяқталды.
Қазіргі таңда аталмыш мекеме қызметкерлері күзгі маусымда атқарылатын залалсыздандыру жұмыстарына дайындық шараларын қолға алған.