Кентау қаласында 2024 жылдың 5 айында жалпы өнім көлемі 29,6 млрд. теңгені құрады. Ал, 2023 жылдың 5 айында бұл көрсеткіш 25,6 млрд. теңге болатын. Айта кетейік, өңірде 3 ірі және 17 орта және шағын кәсіпорын бар. Ағымдағы жылдың 5 айында олар 20078,5 млн.теңгеге өнімін өндірді. 2023 жылы 5 айында бұл көрсеткіш 17913,2 млн. теңге болатын.
Тарқатып айтар болсақ, өңдеу өнеркәсібінде 17667,7 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 107,7% құрады. Электрмен жабдықтау, газ беру көлемі 1757,1 млн. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 92,4% құрады. Сумен жабдықтау көлемі 422,2 млн. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 91,0% құрады. Кен өндіру өнеркәсібінде 231,4 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 79,0% құрады.
Кентау қаласы әу бастан өндірісі дамыған, тірлігі келісті болған қала. Облыс орталығы Түркістан қаласына ауысқалы, шаһар аумағы кеңейді. Нақты айтар болсақ, Түркістанға қарасты болған 12 ауыл округі Кентау қаласының қарамағына өткізілді. Бүгінде бұл 12 ауылдық округте 200 мыңға тарта тұрғын, 700 мың гектардан аса жер бар. Кентау қаласы экономикасының әртараптануы осыдан-ақ түсінікті болар.
Ауылшаруашылығының саласы бойынша өндірілген өнім көлемі де жылдан-жылға артып келеді. Кентау қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы И.Азизбаевтың баяндауынша, осы жылдың 5 айында ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 2820,5 млн.теңгені құрады. Өткен жылы 5 айда бұл көрсеткіш 2150,1 млн. теңге болатын. Оның ішінде: мал шаруашылығында 2437,7 млн. теңгенің (НКИ 114,6%, үлесі 86,4%), өсімдік шаруашылығында 350,0 млн.теңгенің (НКИ 100,0%, үлесі 13,0%) өнімі өндірілді. Сүт өнімдері 5453,4 тонна, ет (тірідей салмақта) өнімдері 872,3 тонна болды.
Жалпы былтыр Түркістан облысында рекордтық өнім – 3,3 миллион тонна көкөніс жиналды. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1 триллион теңгеден асып, бұл өңірдің осы көрсеткіш бойынша республикада көш бастауына мүмкіндік берді.
Өңірдегі ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемін дамытудың маңызды бағыттарының бірі жаңа технологияларды пайдалану болып отыр. 31 788 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізілді. Ал «бір жерден жылына 2-3 өнім алу» жобасы суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді. Қарқынды бау-бақша көлемі 5405 гектарға дейін жеткізілді. Нәтижесінде өнім 5 есеге артып, шаруалар 300-350 центнерге дейін өнім жинады. Бұрын бұл көрсеткіш 60-70 центнер деңгейінде ғана болатын.
Өңірде жылыжайдың жалпы көлемі 1640 гектарға жетті. Сонымен қатар, 500 гектар жерге жаңа жылыжай салу жоспарланған. Айта кетейік, бүгінде облыс халқының 80%-ы ауылды жерлерде тұрады. Облыста алты бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындары үшін нақты көмекке айналуда. Қазірдің өзінде 17,3 миллиард теңге сомасына 2877 жоба қаржыландырылды. Бағдарламаның арқасында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны азайып, өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесі артып, жаңадан ашылған жеке кәсіпкерлерден түсетін қосымша салық түсімдері артты.