Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында еліміз бойынша өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында әр сенбі сайын қала көлемінде тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді.
Бүгінгі сенбілікке Кентау қаласының ақсақалдары мен жастары қатысып, белсенділік танытты. Сенбілік барысында көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындарымен бірлесіп, үйлердің ауласын ретке келтіріп, көгалдарды қоқыстардан, арам шөптерден, сынған бұтақтардан тазартты.
-Қала бәрімізге ортақ екенін ұғынып, тазалық шараларына белсене қатысып жатқан ақсақалдарға алғысымды білдіремін. Тазалық ауламыздан басталады, сондықтан қаланың әрбір тұрғыны бір адамдай жұмылсақ, жастарға үлгі көрсетеміз, тазалық мәдениетін қалыптастырамыз, — деді ақсақалдар алқасының төрағасы Мухтар Молжигитов.
Ал, ардагерлер кеңесі төрғасының орынбасары Мамыржан Юлдашев қоршаған ортаның тазалығына әрбір адам жауапты деп біледі.
Сенбілік — тазалық кепілі. Осындай тазалық жұмыстарын жүргізу мекеме қызметкерлерінің назарынан тыс қалған емес. Апта сайын ұжым болып сенбілікке атсалысып келеміз-, деді ол.
Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың, жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту.
-Қоршаған ортаны қорғау арқылы Отанға деген патриоттық сезім оянады. Сондықтан, біз өз ортамызды, көшемізді, ауылымызды, қаламызды таза ұстауымыз керек. Арықтарды тазалап, бұлақ көздерін ашу жұмыстарын тоқтатпаймыз, -деді Кентау қалалық жастар орталығының директоры Сұлтан Азат.
Аталған акцияға облыстың белсенді ерікті жастары, депутаттар, қоғам белсенділері, жастар орталығы қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлері мен аудан тұрғындарынан құралған жалпы, 200-ге жуық адам қатысты.
Шараны ұйымдастырушылар сенбілік жұмыстары жыл он екі ай жалғасатындығын айтады.
Жалпы қала тазалығы баршамызға ортақ! Сондықтан әр қала тұрғынын таза қала үшін сенбілік жұмыстарына атсалысуға, тұрғын үйлердің, аулалардың және көшелердің аумағындағы тазалық шараларына өз үлестерін қосуға шақырамыз!