Кентау қаласында орналасқан халықаралық қазақ-неміс колледжін бітіруші түлектерге арналған салтанатты шара өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Нұрбол Көкенов қатысып, жас мамандарға өз саласының мықты кадры болуға тілектестік білдірді.
Одан бөлек, «Alageum Electric» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Серғазы Күнтуаров, Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова, «Alageum electric» басқарушы компаниясының трансформатор құрылысын дамыту жөніндегі директоры Бауыржан Худайбергенов, қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов, «АМАНАТ» партиясы Кентау қалалық филиалының төрағасы Арман Басаров студенттерге ақ жол тілеп, бала шақтан болашаққа басқан қадамдарына қызметтеріне сәттілік тіледі.
Аталған колледждің 7 тобынан, 130 студент оқуды сәтті аяқтап отыр. Соның ішінде 10 түлек үздік студент атанып, «Alageum Electric» компаниясының құрылтайшысы Сайдулла Қожабаевтың атынан қаржылай сыйақыға ие болды.
Салтанатты шарада колледж директоры Алихан Сұлтанбаев түлектердің ата-аналарына алғысын айтып, арнайы алғыс хат табыстады.
2011 жылы Кентау трансформатор зауытының негізінде құрылған бұл оқу орны «Alageum Group» компаниясының құрылымдық бөлігіне айналған үздік білім ордасы. Себебі мұндағы білім беру жүйесі өзге оқу орындарынан ерекше. Колледжде сапалы білім алуға үлкен мән берген. Мұнда мемлекет ұсынған талаптарға сәйкес білім берудің дуальді жүйесі енгізілген, сондай-ақ білім алушы жастардың жұмыстан қол үзбей білім алуын қамтамасыз етуді мақсат етеді. Білім беру саласындағы бұл жүйе Қазақстан Республикасындағы жаңа жүйе болып табылады. Бұл жүйе Германия, Норвегия, Сингапур сынды мемлекеттерде нәтижелі қолданылып, жемісін беруде. Бүгінде колледж қабырғасында 470 аса студент білім алуда. Бір ерекшелік студенттер сабақтарының 70-80 пайызын өндірісте өткізеді.