Дүркіреген комбинаттың кезеңінен — ақ өмірі еңбекпен өрілген Кентауымыз санап тауыса алмайтын еңбек ардагерлеріне бай қала. Қаланы түлету жолында еселеп тер төккен сол қаһармандарымыздың тынымсыз еңбектерінің арқасында Кентаудың даңқы шарықтап шартарапқа жеткенді. Көзді арбаған оқтай түзу келбетті көшелері мен сұлулықтың үлгісіндей боп жанарларды жаулаған жасыл қаламызға мұқым елге танымал аңызға айналған адамдар «Жапандағы жалғыз гүл», «Алматының сіңлісі» — деп айдар таққанды. Ішкеніңде тіліңе дәм үйіретін балдай тәтті суы мен талайға таңдай қақтырған Кентаудың көркіне ғашық болған ақындар тобы кіршіксіз таза қаламызға талай — талай жүрек жарды жырларын арнағанды. Жоғарыда айтылған зиялы қауым өкілдерінің еңбек жолдарын лайықты жолмен бүгінге жалғастырып келе жатқан ізбасар ұрпақтары баршылық. Соның бірі қысы-жазы қаланың абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жүрген «Жасыл қала» мекемесінің ұжымы.
Көктем келіп күн жылына бастағаннан — ақ аталған мекеме ұжымы қалаға кіре берістегі бақтың сыртындағы қоршау шарбақтары мен жол бойындағы билбордтарды алуан түрлі бояулармен өрнектеп, көше бойындағы клумбаларға күні ертең — ақ көздің жауын алардай боп ашылатын гүлдер екті. Көшеттер отырығызып, жабайы шөптерді қырқып, көшелерге сән кіргізді. Мекемеде қызмет ететін еңбек адамдары ауыр жұмысты атқарып, Кентаудың көркебюіне үлес қосып келеді.
«Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғауда белсенді қызмет етіп жүрген жанашыр азаматтарымыздың қатарын арттыру мақсатында ел өңірлерінде жастар ресурстық орталықтары мен жастар ұйымдарының бастамашылдығымен “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы басталды. Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, “Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс” тұжырымдамасы негізінде отансүйгіштік, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу. Біздің мекеме бұл бағытта күнделікті жұмыс істеп жатыр» — дейді «Жасыл қала» мекемесінің басшысы Мақсұт Гайруллаев.
Сөз орайына қарай айта кетсек, Кентау көшелеріне 2022 жылы күз айларында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан 90201 көшет, ал 2023 жылғы көктем, күз айларында 42440 көшет отырғызылды. Биылғы жылдың көктем айында 8500 түп көшет «Жасыл аймақ» учаскесіне отырғызылды. Мұның сыртында айына үш мәрте сенбілік ұйымдастырылып, қала көшелері қоқыстан тазартылуда.
Қалаға игілікті қызмет ету жолында «Жасыл қала» мекемесінің агрономы Гафуржан Юлдашев пен көгалдандырушы маман Гүлмира Бисеитова жұмысшыларға нұсқаушылық етуде тәжірибелі маман иелері екендіктерін көрсетуде. Көзін таппасаң болмайтын күрделі жұмыстарға жетекшілік ететін мамандардың басшылығымен жуырда Сейфуллин көшесінің жиегіне қоршау шарбақтар орнатылды . Жер қопарып, шыбық егетін «Жасыл қала» мекемесінің жұмысшылары қала жұртшылығына жайлылық сыйлау мақсатында барлық қажеттіліктерді жасап келеді. Қураған талдарды кесіп, волейбол және шағын футбол алаңының құрылысын жүргізу мен бірге әрбір ауладағы спорттық құрылғылардың сынғандарын бүтіндеп жаңалауда аталған мекеме жауапкершілігінде.
Мұхит МАХАЖАНОВ