Әрбір қаланың дамуы үшін құрылыс жұмыстарының орны ерекше. Сапалы да сәнді етіп жасалған ғимараттар қаламыздың көркін ашып, даму деңгейімізді бір саты жоғарылайтыны сөзсіз. Соңғы жылдары жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының қарқынына қарасақ, қала экономикасының дамуында осы салада жақсы үрдістің барына куә боламыз. Құрылыстың көбеюі әлеуметтік мәселелерді шешіп, күрделі жөндеуден өткен тұрғын үйлердің жаңа келбеті көзге тартымды көрінері анық. Мұның бәрі жергілікті тұрғындардың игілігіне жарап, жұмыссыздық деңгейінің азаюына да өз үлесін қосары сөзсіз. Биыл да қаламызда осындай оңды жұмыстар жалғасын тауып, бірқатар тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жасалды.
Осы жылдың соңына дейін көпқабатты 37 тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстары қайтарымды қаржы негізінде жүргізілетін болады. Бұл жөндеу жұмыстары қаржылық-экономикалық негіздеменің қорытындысына сәйкес жергілікті бюджеттен қаржы түскен соң басталады.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің толықтай шатыры ауыстырылып, жертөлесі, кіреберіс, кәріз құбырлары жаңартылады. Жөндеуден өтетін көпқабатты тұрғын үйлер қаланың оңтүстік бетінде орналасқан.
Қайтарымды қаржы негізінде жүргізілетін жөндеу жұмыстары аталған тұрғын үйлердің тұрғындарының 70 пайызының келісімі бойынша жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар меншік иелері жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені өздері таңдау арқылы ұсынады. Жөндеу жұмыстарын қадағалауды «Тұрғын үй» Кентау ЖШС-і жүзеге асырады.
— Кентау қаласы бойынша 376 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның – 344 қалада орналасқан, ал 34-і ауылдарда. 18 үй коммуналдық меншіктегі үйлер. 2014 жылы 67 288,0 мың теңгеге 9 көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары күрделі жөндеуден өтті. 2017 жылы 452 318,0 мың теңгеге 35 көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеуден жұмыстары жүргізілді. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» тұрғын үй қорын жаңғырту саласы бойынша 2019 жылы Кентау қаласында 44 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен. Ал 2020 жылы 100-ден астам тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жоспарланған 132 көпқабатты тұрғын үйлерде күрделі құрылыс жұмыстары мердігер мекемелер тарапынан өз қаражаты есебінен басталып, 2020 жылға облыстық бюджеттен 32 көпқабатты тұрғын үйге 1 064 534 мың теңге 2021 жылы республикалық бюджеттен 3 251 452,0 мың теңге қаржы қаралып бөлінді. Жалпы 2014 – 2021 жылдары аралығында 5,843 млрд теңгеге 211 көпқабатты тұрғын үйлер толығымен жаңғыртылды. Осы орайда 2023 жылғы Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 2023 жылы 55 көпқабатты тұрғын үйлерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында республикалық бюджетті қалыптастыру барысында 1,57 млрд теңге қаржы қаралып, бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Аталған үйлердің шатырлары мен жертөлелері, инженерлік жүйелері жаңартылып, сыртқы келбеттері сырланған. Сондай-ақ, мердігер мекемелер тарапынан қосымша орындықтар мен жарықшамдар орнатылған, — деді Кентау қаласы әкімдігінің «Құрылыс Кентау» ЖШС-ның бастығы Бақытжан Сланбаев.
Аталған мекеменің жүргізген күрделі жөндеу жұмысына қала тұрғындары да өздерінің ризашылығын білідіруде. Сапалы атқарған жөндеу жұмысын көп қабатты тұрғындар ұқыпты ұстаса, жасалған еңбектің көпке жететінін Майра апай айтып өтті.
– Күрделі жөндеу жүргізуге тұрғындармен бірлесе 2019 жылдан әрекет жасадық. Әл-Фараби көшесінде орналасқан бұл үйдің жөндеу көрмегеніне 41 жыл болған екен. «Тұрғын Үй Кентау» ЖШС-іне барып өтініш жаздық. Сонымен, 2020 жылы модернизацияға іліндік. Мердігер компания жұмысы тұрғындардың көңілінен шықты. Біздің ұсыныстарымызды ескеріп, жұмысты сапалы атқарады. Жалпы жергілікті бюджет бағдарламасы болғаннан кейін қайтарымды несие қаражатының пайызы жоқ. Осы жағы да бізге қолайлы болып отыр, – дейді Кентау қаласының тұрғыны Майыра апай.
Шаһарда тозығы жеткен үйлерді жаңғырту жұмыстары осылайша кезең-кезеңімен атқарылуда. Ал, осы жылы 37 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Аталған жөндеу жұмысына мемлекет тарапынан 1,5 млрд теңге бөлініп отыр. Бүгінгі күнге дейін қаламыздағы 5-4 қабатты тұрғын үйлердің 90 пайызына қайтарымды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы кеді шаһардың 2-3 қабатты үйлеріне жөндеу жұмыстарын жылдың соңына дейін аяқталады. Осы қала ішіндегі көппәтерлі үйлердің күрделі жөндеу жұмыстары біткенен кейін қалаға қарасты ауылдардағы 2 қабатты үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ащысай, Байылдыр, Хантағы ауылдарында салынған үйлердің көпшілігі 1941 жылдары, яғни Ұлы Отан соғысы кезінде салынған үйлер екен. Қалаға қарасты ауылдық жерде 34 екі қабатты үй бар. Оның 18-і коммуналдық меншіктегі үйлер. Ал, 6 үй жарамсыз болып табылады. Шамамен 6-8 үйге күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі деп жоспарлануда.