Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев ардагерлер қауымымен тығыз байланыста болып, аға буын өкілдерін барлық уақытта да қолдап-қуаттап келеді. Елге еңбегі сіңген зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайларының жақсаруын, мұң-мұқтаждарының оң шешілуін әрдайым назарда ұстайды. Аға буын өкілдері де аудан басшылығымен жұмыла жұмыс жасап, елдің береке-бірлігін сақтауда нәтижелі еңбек атқаруда.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың ұйымдастыруымен апта басында зейнет жасындағы 30 еңбек ардагері Астана қаласына саяхат жасауға аттанды. Қарияларды шығарып салуға келген аудан басшысы Арман Романұлы:
–Сіздер жастық жалындарыңызды туған жеріміздің көркейіп-гүлденуіне арнап, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында ерен еңбектің үлгісін көрсеттіңіздер. Қариялық жасқа абыроймен жетіп отырған сіздерге құрмет көрсету – өскелең ұрпақтың бұлжымас парызы. Арқа төсіндегі ару Астананы аралап, ауылға аман-есен қайта беріңіздер, – деп ақ тілегін білдірді.
Жатын орны бар жайлы автобусқа жайғасқан шардаралық ардагерлер Астананы бетке алып, жол жүріп кетті. Саяхатқа шығушылардың ішіндегі жасы үлкені 80 жасқа қарай аяқ басып бара жатқан Жаушықұм ауылының тұрғыны Тәшкенбай Жолдыбаев болса, одан кейінгі кезекте 77 жастағы Қоссейіт ауылының тұрғыны Ибрагим Жүсіпұлы мен Ұзын ата ауылының тұрғыны Рахматулла Исмаилов есімді ақсақалдар болды. Сондай-ақ, бұл топтың ішінде ауған соғысының ардагерлері Ықыласов Қозыбақ, Байбосынов Мұстафа, Семей полигонында әскери қызметін өтеген Шалабай Үсіпбаев, Ауғанбек Тілепов, Айтбай Шындалиев, ішкі істер саласының ардагері Сейдулла Ишанбеков, бірнеше кеңшарда басшылық қызмет атқарған ел ағасы Серік Батыршаев, Көксу ауылы әкімінің орынбасары болған Баянбай Қайыпназаров, ветеринария саласының ардагері Ысабек Әбдіманапов, аумақтық инспекцияда басшылық қызмет атқарған Сыдық Қошымов, басқа да қала мен ауылдық округтерден келген Тұрсынхан Орынбасар, Нұрбаулы Тілеков, Оңғарбай Махаматов, Қойшыбай Рүстемов, Ақберді Базарқұл, Серікбай Ердосов, Жиенбек Тоқмырзаев, Мұратқасым Жарылқапов, Әбдікерім Мұсаев, Тағабай Исаев, Сейітбек Өтеев, Тахир Әділов, Тұралы Махаш, Орынбай Тілеубергенов сынды азаматтар да бар. Ол азаматтар кезінде ауылшаруашылығы мен құрылыс салаларында, білім беру мекемесінде, су электр стансасында, автобус паркінде қызмет атқарып, ауданның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қоса білген болатын.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Түркістан облысының Құрметті азаматы Тоқсанбай Бердібековтің төрағалығымен барған зейнеткерлер ең алдымен соңғы жылдары бой көтерген республикамыздың Басты мешітіне ат басын бұрып, орта Азиядағы таңдаулы мешіттердің қатарынан орын алатын заманауи үлгіде салынған әсем ғимаратты тамашалады. Ел мен жердің амандығын, Жаңа Қазақстанның әл-ауқаты жақсарып, әлем елдерімен терезесі тең болуын жаратқаннан тілеп, дұға жасасты.
Астананың символына айналған «Бәйтерек» кешеніне шығып, көркіне көз тоймайтын ғимаратты тамашалады. Алыстан асқақтап тұрған Ақорда, орталық алаңдағы бойы көкпен таласқан зәулім үйлер, мәдени орталықтар, министрлік үйлері, «Хан шатыр» орталығы, ерке Есілдің көріністері шардаралық ардагерлердің бойына шабыт сыйлап, көкіректеріне мақтаныш сезімін ұялатты.
–Астана қаласы бүгінде ғылым мен өркениеттің ұштасқан мекеніне айналды. Соңғы отыз жылда бұрынғы ТМД аумағында мұндай алып шаһар салынған жоқ. Елордамызбен қалай мақтансақ та, шаттансақ та жарасады. Алдағы уақытта да бас қаламыз мұнан әрі дами береді деп сенеміз. Біздің топтың ішінде бірнеше азаматтар Астанаға бірінші рет келіп отыр, олар да дән риза. Осы сапарды ұйымдастырып берген ауданымыздың әкімі Арман Қарсыбаевқа барлық ардагерлеріміз рахметін жаудырып жатыр, – дейді Тоқсанбай Бердібекұлы.
Қаладағы Ақбала мөлтекауылында ғұмыр кешетін, қарапайым еңбек адамы болған Тағабай Исаев ағамыз алған әсерін тілмен айтып жеткізе алмайды.
–Мен шынымды айтсам, Шымкенттен әрі аспаймын. Екі жыл бұрын ғана жекжатшылаап Талдықорғанға дейін бардым. Енді міне, ардагерлермен бірге Астана қаласына келіп отырмын. Теледидардан көрген бір бөлек, өз көзіңмен көрген бір басқа болады екен. «Мынау біздің Астана» деп алақайлап айтқың келеді, – дейді Тағаабй ағамыз.
Баянбай Қайыпназаров сонау Целиноград кезінде бір рет жолы түскенін, содан кейін енді келіп отырғанын жасырмайды:
–Ілгеріде бір жұмыс бабымен келіп кеткен едім. Ол кезде айдала болып жатқан дала еді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта Астананың қалай салынып, қалай дамып келе жатқанын күнделікті ақпарат құралдарынан көріп келе жатырмыз. Қадам басудың сәті енді түсіп отыр. Не деген ғажайып мекенге айналған! – дейді.
Ал, Сыдық Қошымов арқа төсіне бірді-екілі келгенімен де, көппен бірге сапар шегудің өзі ғанибет екенін жеткізеді.
–Астанаға өз жұмысыммен бірнеше рет келіп-кеткенмін. Енді зейнеткер ретінде арнайы саяхат жасауға келіп отырмын. Бұл сапардың жөні бөлек болады екен. Екі мың шақырым жол жүріп, жол бойы замандастармен арқа-жарқа сырласып, араласып, әңгіме-дүкен құрып келдік. Әр ауылда тұратын таныстармен жолдас болып, армансыз шер тарқатып келдік. Ардагерлермен Астананы аралау да бір ғанибет екен, – дейді Сыдық Байтүгелұлы.
Қызылқұм тыңын игеру кезінде түрлі салада тер төгіп, бүгінде бейнеттің зейнетіп көріп отырған ардагерлер қауымы екі күн бойы Астананың көрікті жерлерін аралап, көтеріңкі көңіл-күймен, тың шабытпен елге оралды.
Әділ ӘБДІРАМАНОВ,
Шардара ауданы.