Түркістан қаласында «Барлығына қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасы аясында берілген «943 – елдің нысаналы мектептерін дамыту» жобасын іске асыру жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
N3 Ә.Темір атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында өткен дөңгелек үстелге Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова, Білім беруді дамыту орталығының әдіскерлері мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының оқытушылары, аудандық/қалалық білім бөлімінің әдіскерлері қатысты.
Жиында нысаналы мектептердің педагогтеріне сындарлы-әдістемелік көмек көрсетудің маңыздылығы, білім сапасын арттыру жолдары талқыланды.
Айта кетейік, бүгінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының LMS платформасында нысаналы мектептердің педагогтеріне базалық деңгейдегі онлайн курстарына тіркеу жұмыстары жүріп жатыр. Аталған мектеп педагогтері курсқа 2024 жылғы 5-9 тамыз аралығында тіркеле алады.
Одан бөлек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығын атап, білім беру ұйымдарындағы тәрбие ісіне ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Осы бағытта өткен жылы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленіп, барлық білім беру ұйымдарына енгізілді.
Осыған сәйкес, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті Ы.Алтынсарина атындағы ҰБА-мен, «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты» КеАҚ-мен, «Білім инновация лицейлері» «Білім инновация» ХҚҚ-мен бірлесіп, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша семинарға білім басқармасының мектепке дейінгі, орта және кәсіптік, техникалық білім беру бөліміне жауапты мамандары, облыстық әдістемелік орталықтардың тәрбие жұмысына жауапты мамандары қатысып жатыр.
Аталған бағдарлама мақсаты – қазақстандық мәдениет құндылықтары негізінде азаматтық жауапкершілік пен патриотизм, парасаттылық пен адалдық, ар-ұждан, рухани-адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірген, үйлесімді дамыған тұлға қалыптастыру.
Бағдарлама мазмұны «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының мақсатына, міндеттеріне және күтілетін нәтижелеріне шолу жасаудан басталады. Тыңдаушылар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының әдіснамалық негіздерімен танысып, құндылықтар жүйесі, құзыреттіліктер туралы түсініктерін кеңейтеді.
Сонымен қатар, оқыту барысында тыңдаушы практикалық дағдыларын жетілдіру үшін өңірлерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыруды жоспарлайды, өңірлік тәрбие жұмысының жоспарын әзірлейді, оны әріптестік ортада талдайды және кері байланыс алып, өңірдегі тәрбие жұмысын жақсарту бойынша шешімдер қабылдайды.