Сарыағаш ауданы білім беру саласы қызметкерлерінің «DIGITAL KAZAKHSTAN: заманауи білім беру» тақырыбында педагогикалық кеңесі болып өтті. Дәстүрлі тамыз кеңесіне Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев, «CodiPlay» компаниясы мемлекеттік қызметтермен жұмыс департаментінің директоры Нұрғали Асанұлы, №4 мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Мұрат Сейітжанұлы және «Өрлеу «БАҰО» АҚ Түркістан облысы бойынша өкілдік басшысы Жанат Лесбекқызы, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, педагогтар және ардагер ұстаздар қатысты.
Аудандық тамыз конференциясына қатысушылар іс-шарада білім беру саласындағы цифрлы технологияларға қатысты жасалған арнайы көрмені тамашалап, креативті ұстаздардың жаңашыл жұмыстарын тамашалады.
Маңызды жиында өткен жылғы атқарылған жұмыстарға талдау жасап, алдағы жаңа оқу жылына қойған міндеттер сараланды. Жарыссөзде сөз алған спикерлер білім мен тәрбиенің негізгі қайнар көзін ұлттық құндылықтармен байланыстыра отырып, білім бағытындағы тәрбиенің негізгі ұстанымдарына айырықша тоқталды.
Сонымен қатар жиынға «CodiPlay» компаниясы мемлекеттік қызметтермен жұмыс департаментінің директоры Нұрғали Асанұлы қатысып, білім саласындағы жаңа технологиялармен, озық тәжірибелерімен бөлісті.
Тамыз кеңесінде ауданның ұлағатты ұстаздары ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ведомствалық наградалары «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен, білім басқармасы және аудан әкімінің марапаттарына ие болды.