Заманауи білім беру – әлемдік деңгейдегі өзекті мәселе. Осы мәселеге арналған басқосулардың бірі – төлебилік ұстаздардың биылғы тамыз кеңесі.
Ленгір қаласындағы мәдениет үйінде өткен аталмыш басқосуда Төлеби ауданының білім саласында өткен оқу жылында жүзеге асқан жұмыстар, қол жеткізілген жетістіктер туралы тартымды бейнеролик көрсетілді. Ал, бірінші болып сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бекайдар Тойлыбаев тамыз кеңесіне қатысушылармен таныстырған соң мінберден аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев сөз сөйледі.
Көпшілік Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың бейнеқұттықтауын тамашалағаннан кейін білім бөлімінің басшысы Бекайдар Адамбекұлы 2023-2024 оқу жылында атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы мазмұнды баяндама оқыды. Тамыз кеңесі мінберінен Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, академик Асқарбек Құсайынов, облыстық білім басқармасының бас маманы Әлия Биболова, ардагер ұстаздар атынан Полатбай Аюбаев та сөз сөйледі.
Жиын соңында білім саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, өткен оқу жылында айтарлықтар жетістіктерге жеткен бірқатар шығармашыл ұстаздарға министрліктің, облыстық әкімдіктің, білім басқармасының, аудандық әкімдіктің, білім бөлімінің марапаты табыс етілді.
Сондай -ақ тамыз кеңесіне орай «Әр мектеп – табысты мектеп» атты қызықты көрме ұйымдастырылды.