Ордабасы ауданында жіп пен шеге арқылы сәндік кескіндемелер жасайтын ерекше ұстаз тұрады. Айрықша өнерімен көпшілікті тәнтті етіп жүрген Айнұр Сапарқызы Шұбарсу ауылындағы Балтабай Нұрлыбеков атындағы жалпы білім беретін мектепте көркем еңбек пәнінен сабақ береді.
Өнерлі ұстазға керегі кәдуелгі кішкентай шеге мен жіп. Алғашқы кезекте жиһаз жасайтын ағашқа карандашпен сурет салып алады да, оның үстіне шеге қағады. Кейін қатты қара түсті жіппен шегелерді байлап, байланыстырады. Нәтижесінде керемет кескіндеме шығады.
Айнұр Сапарқызының бұл өнерді қолға алғанына көп бола қоймаған. Тың жоба туралы интернеттен көрген. Содан көп ізденген. Алғашқыда қарапайым заттарды жасап көрген. Сәтті шыққан жобалары көпшіліктің қызығушылығын тудырған.
«Бұл «String art» технологиясы деп аталады. Яғни, шегелер мен жіптерге негізделген қолмен жасалатын өнер. Бұл өнер туындысының тамыры XVII ғасырда Англиядан басталған деседі. Қазір өзім бала күтімімен үйде отырмын. Күнделікті уақытымды босқа өткізбес үшін, әліде аталған жоба бойынша ізденіп келемін. Жұмысқа ең кішкентай шегені пайдаланамын. Ал орауға аяқ киім тігетін қатты жіпті қолданамын және жиһаз жасайтын ағаш қажет. Болды. Қалғаны қол еңбегімен құрастырылады», — дейді Айнұр Сапарқызы.
Өнерлі ұстаз қазақтың біртуар зиялылары Абай Құнанбайұлының, Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсыновтың бейнесін шеге мен жіп арқылы салып шықты. Шебер бұл жұмыстарға бір айға жуық уақыт жұмсаған.
Танымал тұлғалардың кескін келбеттерін айна-қатесіз келтірген. Тың жобаға қатты қызығушылық артқандықтан мектеп басшылығымен ақылдаса отырып, суреттерді мектеп мұражайына қойыпты. Бүгінде кез келген адам көріп, тамашалай алады. Алдағы уақытта Айнұр аталған өнер түрін өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді пайдалану үшін және өнерге қызығушылығын арттыру мақсатында білім алушыларға да үйретуді жоспарлап отыр.
«Менің жас кезімнен хоббиім сурет салу болды. Жоғары оқу орнына барғанда да бейнелеу өнерін таңдаған болатынмын. Бірақ ата-анамның айтуымен еңбек пәні мұғалімі болдым. Дегенмен сурет салуды тастаған емеспін. Қазір қыздарымныңда сурет салуға қабілеті бар. Жақсы салады. Одан бөлек қолөнермен айналысамын. Матадан балалардың ойын дамытатын ойыншықтар жасаймын», — дейді шебер ұстаз.