Бүгін Түркістанда «Кітап оқып, сыйлық ал» жазғы балалар байқауы қорытындыланды. «Жібек жолы» аттракциондар саябағында өткен шараның мақсаты – өскелең ұрпақты кітап арқылы тәрбиелеу.
Кешті «Халық» банк АҚ Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрбол Нұсқабеков пен «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова ашып, балаларға кітап оқудың артықшылығы жайлы ойларымен бөлісті.
«Оқырман іздейміз» жобасымен бірлесе өткізілетін байқаудың қорытынды кешіне кітапхананың белсенді жас оқырмандары және балалар байқауына демеушілік еткен тұлғалар қатысты.
Байқау қатысушыларына мектепке қажетті құралдар салынған сөмкелер, самокат және велосипед, «Жібек жолы» аттракциондар саябағының әкімшілігінен 10 қатысушыға арнайы карточкалар, «Халық» банк АҚ тарапынан 5 қатысушыға арнайы сыйлық ұсынылды. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Абдулла Кенже балалар киім дүкенінен 4 қатысушыға мектеп формасына сертификат сыйлады.
Жазғы демалыс уақытында 61 кітап оқыған 13 жасар Нұрмұхаммед Фатима бас жүлде иегері атанды.
Ал Абдықадыр Зейнеп және Махмуд Көркем ІІ орын иеленсе, Ағаділ Айкөркем, Амангелдиева Алина және Болысбай Асылбек ІІІ орынға жайғасты. Басқа да қатысушылар ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта осы секілді байқаулар өз жалғасын табады. Осы арқылы оқырман саны артып, кітап оқушылар қатары көбейеді дейді.