«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», — деп дана халқымыз айтқандай, қазақ тілі мен математика пәндерінен қосымша сабақ беретін Қ.Рысбеков атындағы №5 мектеп-интернаттың бастауыш сынып мұғалімі Көбеева Ақмарал жайлы айтқымыз келеді. Шорнақ ауылының тумасы, өзі де осында үздік оқып, алғашқы еңбек жолын бала оқыту және тәрбиелеу саласына арнаған мұғалім 2013 жылдан бері балаларға бар күш-жігерін салып дәріс беруде.
Ақмарал апайдың балаларға сабақ беруде олардың қызығушылықтарын оятқаны, кез келген уақытта көмек беруге дайын болып тұратын мейірімділігі барша ата-ананы тәнті етті. Ақмарал апайдың басты мақсаты – барлық бала бірдей білім алса екен, жалқаулыққа немесе басқа да жағдайларға бой ұрмай, оқуды кейінгі орынға қоюына жол бермесе екен дейді. Оның қосымша оқу кезінде жетіспеушілікке байланысты бала оқи алмай қалмаса, қатарынан қалып кетпесе деген жанашырлығы бойынан есіп тұрады. Оның бала тілін қалыптастыруда қиындықтар мен шешу жолдарымен күресе біліп, олардың үйренуге деген құштарлықтарын арттыруы, тақырыпты түсінулері үшін әртүрлі заманауи оқыту әдіс-тәсілдерін қолданатындығы өз жемісін беруде. Ұстаздың қалалық семинарларға, олимпиадаларға оқушыларының белсене араласып, олардың жеткен жетістіктері, мақтау қағаздарымен, алғыс хаттарымен марапатталғандары, өзінің «Білім үздігі» грамотасымен марапатталғаны осыны дәлелі. Осындай саналы тәрбие беруде өнегелі үлгісімен, жаңашылдық жолымен, адамгершілік қасиетімен көзге көрініп, ел құрметіне бөленіп отырғаны белгілі.
Сыныпта тілі кештеу шыққан кейбір балалардың өз ұстазын үлгі тұтып, берген тапсырмаларын бұлжытпай тиянақты орындауы, балалардың оқуға деген ынта-ықыласын білдіруі Ақмарал апайдың ерен еңбегі екені даусыз. Терең білімді, жаны жомарт жанның ұжымда беделі асқақ. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі ету жолындағы бар жақсылық атаулының шыңынан көрінуі тиіс. Әріптестері Ақмарал ұстазды қарапайым мінезі мен кәсіби біліктілігі үшін үлгі тұтып құрметтейді. Әрдайым көмек қолын созуға даяр, туған жері мен алтын ұя – мектебінің абырой-атағы үшін күш-жігерін аямайтын, өз жұмысын жетік білетін, білімін, кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп отыратын қабілетті ұстаз. Ақылшы ретінде кейінгі жастарға жиған тәжірибесін үйретуден жалықпайды.
«Жақсы адам – Алланың нұры» демекші, жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы адалдық сезімін шәкірттеріне беруге ұмтылған ұстаз отбасында аяулы жар, бақытты ана, мейірімді әже. Жолдасы Амангелді де осы мектепте ардақты ұстаз. Екеуі үш ұл, бір қыз өсіріп, немере сүйген үлгілі отбасы. «Ана көрген тон пішер» дегендей қызы Фариза анасының жолын қуып, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын иеленді. Міне, өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын осындай ұлағатты ұстаздың бүлдіршіндерді оқытып жатқанына ата-аналар өте қуанышты екенін жасырмайды. Ата-аналар Ақмарал апайына және Қ.Рысбеков атындағы №5 мектеп-интернаттың ұжымына, сондай-ақ ауданның гүлденуіне атсалысып жатқан барша белсенді азаматтарға шынайы ризашылықтарын жеткізіп, «осындай ұстаздар барда, ел үшін еңбек етуге даяр мықты азаматтарымыз барда балаларымыздың да білімі терең, келешегі жарқын болатынына сенеміз» деген жылы лебіздерін білдіреді.