Отанымыз егемендік алған күннен бастап еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіз мемлекеттің жаңа заңнамасы жасақталып, қажетті шаралар жүзеге асырылуының нәтижесінде 1993 жылы 28 қаңтарда алғашқы Конституция қабылданды. Конституция – мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болғандықтан жалпыхалықтық референдум негізінде 1995 жылы 30 тамызда 9 тарау және 98 баптан тұратын қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданып, 5 қыркүйекте өз күшіне енген болатын.
Конституцияның барлық тараулары мен баптары Отанымыздың ұлттық құндылықтарын қалпына келтіруге, адам мүддесін жан-жақты қорғауға, ұлттық және діни құндылықтар мен ар-ождан бостандығын қамтамасыз етуге, халқымыздың ұлттық-мәдени мұрасын ұтымды және әділ пайдалану, ұлттар мен ұлыстар арасындағы өзара ынтымақтастықты, төзімділікті, достық қарым-қатынасты жақсартуға, тиісті игі мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған десек артық айтқандық емес.
Адамзат қоғамында заңдардың маңызы өте зор. Себебі әрбір заң талаптары адамдардың амандығы, дүние мен ақырет берекесінің негізі болып табылады.
Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 29 жыл толып отыр. Ата заңымыз азаматтардың ар-ождан бостандығына, барлық ұлттар мен ұлыстардың теңдікте өмір сүруіне кепілдік береді. Оған дәлел ҚР Конституциясының 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,-делінген.
Халқымыздың тәуелсіздігінің символы болып табылатын еркіндік, ұлтаралық және дінаралық келісім, өзара ынтымақтастық және толеранттылық сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген Қазақстан Республикасының Конституциясы адамзат қоғамының барлық аспектіде дамуына қол жеткізуге қызмет етеді әрі елімізде тұратын адамдардың теңдігіне, олардың тілі мен діни ұстанымына, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарына кепілдік береді.
Алла Тағала Құран Кәрімнің «Исра» сүресінің 70-аятында: «Расында, адам баласын ардақтадық… Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік һәм оларды жаратқандарымыздың көбінен неғұрлым артық жараттық»,-деген. Бұл аяттың мазмұны мен мағынасына назар аударсақ, адамдарды ардақты етіп жаратуға, оларға берілген барлық құқықтарды дұрыс пайдалануға, берілген нығметтерді қолданып, оларға шүкіршілік етуге шақырады.
Бүгінгі таңда түрлі зорлық-зомбылық пен іріткі тізгіндеген күштердің қақтығыстары өршіп тұрған шақта адамзаттың бұл құқықтары ең қымбат нығметке айналып отыр. Осыған орай ата Заңымызды мақтан тұтып, қадірлеп және әрбір жерде насихаттап жүргеніміз абзал. Себебі, өз отбасының тәртібін сақтайтын, құрметтейтін бала басқалардың да талаптары мен ар-ожданы бар екенін түсініп, құрмет тұтуға талпынады. Осы орайда Конституция баршамыз үшін басты өлшем болып, оның ережелері өміріміздің басты қағидасы мен мақсатына айналуы тиіс.
Сөзімізді қорытындылай келе, елімізде өмір сүріп, еңбек етіп жатқан әрбір саналы адам Қазақстан Республикасының негізгі Заңы – Конституциямыздың барлық баптарын жетік білуі және өмірде дұрыс қолдануы, сондай-ақ өзіне жүктелген міндеттерді сезініп, толық орындауы нұр үстіне нұр болмақ.
Б.Шаймерден,
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал, Жетісай ауданындағы маманы