Биыл Сүткент кеңшарының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Осынау мерейлі датаға кеңшарда еңбек еткен барлық азаматтардың қосқан үлесі мол. Сүткент ауылының керегесін кеңейтіп, тасын өрге домалатқан қызметкерлердің қатарында ұстаздар қауымының да есімдері құрметпен аталады. Сондай ардақты ұстаз, ағарту саласына айрықша еңбегі сіңген абзал азаматтың бірі – Ораз Абытұлы есімді еңбек ардагері деп айтсақ жаңылыспаймыз.
Ораз Абытұлы 1938 жылы, 5 ақпанда Арыс қаласында дүниеге келген. Әкесі Абыт Ділқожаев қарапайым жұмысшы, анасы Зия апа үй шаруасымен айналысқан кісілер болған екен. Ораз Абытұлы 1945-46 жылдары №21 орталау мектебінде, 1952-53 жылдары С.М.Киров атындағы орта мекетпте оқып, оны 1955 жылы бітіреді. 1956 жылы Түркістан педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1958 жылы аяқтайды. 1957 жылы саз әлемінің падишасы Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы Раушанмен отбасын құрады. 1958 жылы сол кездегі Арыс ауданына қарасты Сүткент совхозындағы бұрынғы М.Ю. Лермонтов атындағы орталау мектепке жұмысқа ораналасты. Мамандығы бойынша бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарды. Осы совхоздың бір шалғайында орналасқан №4 фермасына барып, бастауыш мектебін ашады. Ол мектептің аты «Қараөзек» деп аталатын. Шаруашылық басшылығына өтініш білдіре отырып, мектепті жаңадан салдырады. Құмның ішіндегі ауылда ашылған сол мектептен 40 метрлік тереңдіктен су шығатын құдық қаздырады. Ағаш көшеттерін алдырып, мектептің айналасын көгалдандырады. Күтіп-баптаудың арқасында көп ұзамай-ақ мектептің айналасы алыстан көз тартып, жасыл желекке оранды. Сол уақыттарда ауылға Мәскеуден келген өкіл шөл далада жайқалып өсіп тұрған ағаштарды көріп: «Это настоящее мужество!» деп таңырқап, тамсанып кеткен екен. Ораз ағайдан үйренген ферманың адамдары содан бері есіктерінің алдына қауын-қарбыз егіп жеуді бастапты. Мана айтқанымыздай, Ораз ағайдың зайыбы Шәмшінің бауыры болғасын ол кісі де ауылға жиі атбасын бұратын болған. Әйгілі сазгермен ауыл тұрғандары емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, әсем әуеніне сусындап, бір жасап қалады екен. Сондай бір отырыста Шәмшіге ауылдағылар ән айтыңыз деп қолқа салады ғой. Шәмшінің қолына ескі мандол ілініпті. Оның өзін бірер жерінен болтпен бұрап қойса керек. Дауысы да жөнді шықпайды. Сонда сол ауылдағы Майбасар есімді ағамыз Раушан апайға: «Раушан-ау, Шәмшіге айтшы, тарта берсін, бізге соның өзі болады» деп айтады екен.
«Қараөзек» бастауыш мектебі совхоз орталығынан 100 км қашықта орналасқан. Ол жаққа совхоздың ескі көліктері қатынайды. Жол ұзақтығынан кезінде көп қиыншылықтар болды. Құмда тек «Вездеход» деп аталатын жүк машинасы ғана жүреді. Сол себепті үйге жете алмай, жаяу-жалпы жүру, түнде жолда қалу сияқты машақаттарды сондағы тұрғындардың барлығы дерлік тартып шықты. Үйде отырған адамдар аспанда ұшқан самолеттің дауысын естісе далаға жүгіріп шығатын. Фермаға бір көлік келсе тұрғындар оны қызық көреді. Сондағы мақсаты кімнің үйіне келді, кімдер келді,соларды көргеннің өзіне адамдар қуанатын.
1970 жылы Ораз ағай совхоз орталығында орналасқан мектеп жанындағы интернатқа меңгеруші, 1974 жылы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Зейнеткерлікке шыққанға дейін директорлық қызмет атқарды. 1998 жылы зейнеткерлікке шыққан соң мамандығы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті сабағынан дәріс берді. Тынымсыз еңбек, үздіксіз ізденістер бағаланбай қалған жоқ. 1964 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздік қызметкері» төсбелгісімен, осы жылы тағы да облыстық оқу бөлімінің «Құрмет» грамотасымен, 1985 жылы Қазақ ССР-і Оқу министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Аудандық білім бөлімінен алған марапаттары өз алдына бір төбе.
Бүгінде Ораз ағай тамырын тереңге жайған мәуелі ағаштай үлкен әулетке айналды. Ұлағатты ұстаздың отбасында 1 ұл, 9 қыз өсіп-өнді. Олардан бүгінде 40 немере, 15 шөбере сүйіп отыр. Перзенттерінің барлығы да өмірден өз орындарын тауып, елдеріне қызмет етуде.
Ораз ағаны ұстаз тұтқан әріптес-шәкіртінің бірі, бүгінде өзі де зейнеткер болып отырған Нағима Батырбекова былай деп ізгі тілегін жеткізеді:
–1986 жылы Шымкент педагогикалық институтын «үздік дипломға» бітіріп, Шардара ауданы, Сүткент ауылындағы М.Ю.Лермонтов (қазіргі таңда Т.Тәжібаев атымен аталады) мектебінде еңбек жолымды бастадым. Бөлек ортаға тез бейімделіп кетуіме, бүгінде мен де өз білгенімді өзгелерге үйрететін ұстаз дәрежесіне жетуіме үлесін қосып, өмірлік сабақ берген жаны жайсаң жандардың әрбір сөзі жадымда жаттаулы тұр. Сондай жандардың бірі — қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, сол кездегі оқу ісінің меңгерушісі Абытов Ораз ағай үлкен ақыл, парасат иесі еді. Бәріміздің әкеміз сияқты қамқорлығы мен жанашырлығын сезініп, жетілдік. Ұстаз беделі – білім деңгейінен, оқушылармен тіл табысуынан, ата-аналарымен тіл табысуынан, оқушылармен қарым-қатынасынан көрінеді.Ораз ағай біздерге үнемі дерлік«Ұстаз беделі оның өзіне, ішкі мәдениетіне, мамандығына, адалдығына, табандылығына байланысты» дегенді құлағымызға құйып отыратын. Мұғалімдердің еңбек тәртібін сақтауда да өз айтары бар. Кейде оқушыларды қосымша сабаққа, түрлі шараларды өткізуге дайындыққа, сенбіліктерге шақырамыз. Сондай жағдайда мұғалім оқушыдан кейін келгенін көрсе, ақырын ғана: «оқушы ешуақытта мұғалімді күтпеуі керек, мұғалім оқушыдан бұрын келіп, балалардың келуін күтуі керек» дейтін. 35 жылдық ұстаздық қызметімде ағайдың осы ескертуі үнемі құлағымда сайрап тұрады. Ауыл мұғалімдерінде әрине, қаладағыдай жағдай жоқ. Таңертең сабаққа дейін сиырын сауып, нанын пісіріп, сүтін пісіріп, бала-шағасы мен ата-анасының таңғы асын дайындау сияқты күнделікті қайта айналып келе беретін тірлікті бітіре салып, мектепке қарай асығып бара жатқан апайларды көргенде «не деген жанкешті едің» дегің келеді. Әрине, адам жаны темір емес, кейде шаршаған мұғалімдеріміз сынып жетекшілікті алғысы кедмейді. Сонда ағай: «сынып жетекші болып жұмыс істемеген мұғалім — мұғалім емес» дейтін. Өзгені сыйлау ең бірінші өзіңді сыйлаудан басталатыны белгілі. Ағай ешуақытта дауыс көтеріп, айқайлап сөйлемейтін. Риза болса әкеміздей арқамыздан қағатын. Анда-санда бір ашуға мінетіні бар, ол кезде бәрінің шаңын бір-ақ қағады. Бірақ, ешбір кек сақтауды білмейтін. «Жақсы адам көпшіл, жаман адам кекшіл» деген сол шығар. Отбасындағы әке тәрбиесі туралы: «Ең әуелі әкені үйдегі шеше сыйлауы керек, шешеге қарап бала сыйлайды. Әкең келе жатыр дегенде кез-келген бала бойын жинап, қаймығу керек. Құрметті әйелдер қауымы, әке тәрбиесін орнына қойыңыздар. Өзге жұрт сендерден үлгі алады» , — деп ата-аналар жиналысында болсын, оқытуышларға арналған жиында болсын үнемі айтып отыратын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Ұстаз ағаға деген кішілік алғысым, ризашылығым ретінде өзім білетін бір қырын – тәрбиешілігін ғана айтып өттім. Ал, мектеп басқарған кездегі оқу-тәрбие процесі, ұжымның ынтымағы өз алдына бөлек әңгіме…
«Абырой дегеніміз – өзің жайлы өзгелердің жақсы пікір білдіруі» деген екен бір ғұлама. Ораз Абытұлы ағамыздың жақсы қасиеттері мен ізгі істерін айтатын азаматтардың қатары көп-ақ. Қадірімен қартая біілген қазынаа қарттарымыз аман болсын деп тіледік.