Соңғы жылдары ел тыныштығын бұзып, түрлі қауесеттер таратып, жарылыстар ұйымдастырып, адамдарға қару жұмсап, Алла атымен ұрандап өзін жанкешті, жиһадшы етіп көрсетіп, өз елін өгейсінген дінбұзарлар қаптап кеткенін баршамыз білеміз. Бұл құбылыстар Исламды яғни, мұсылмандарды құбыжық етіп көрсету болып табылады. Жиһад дегеніміз – тек қана қолға қару алып соғысу емес. Ал шынайы Ислам діні жақсылыққа, бейбітшілікке шақырады. «Ислам» сөзі — «бейбітшілік, тыныштық, саламаттық» деген мағыналарды білдіреді. Ал жиһад сөзі араб тіліндегі «жә-һә-дә» етістігінен шыққан, яғни, алға қойған мақсатқа жетуге ұмтылу, сол жолда күшін сарп ету сынды мағыналарды білдіреді. Діни терминологияда, өзгелердің Хақ Исламмен танысу жолындағы даналықпен жасалған барлық істерді қамтиды.Түсіністікке, өзара ынтымақта болуы, өзге дін өкілдері және барлық ұлтттар мен ұлыстармен тіл табысып, тату тәтті өмір сүріп өркендеуі Ислам дінінің ерекшелігі десек қателескеніміз емес. Жалпы Ислам – бүкіл адам баласына жіберілген ең соңғы дін, ақыл мен ғылым діні, теңдік діні, жеңілдік діні, бейбітшілік пен сүйіспеншілік діні, махаббат пен қайырымдылық діні. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) өз хадистерінде былай деген: «Бір-біріңді жақсы көрмейінше, нағыз мұсылман бола алмайсыңдар» — делінген.
Әрине тәуелсіздіктен кейін түрлі діни ағымдарды түсінбей төрімізге отырғызып алдық, міне осылардың зардабын шегуіміздің себебі Ислам дінінің насихатталу деңгейінің төмендігі, діни сауатсыздық, біздің сол кездегі экономикалық әл-ауқатымыздың төмендігі, теріс ағымдардың түрлі жанашырлық кейіппен танытқан қайырымдылық іс-шаралары, түрлі-түсті кітаптар тарату болып отыр. Тіпті ата-бабаларымыз ұстанып келген Ислам дінінің Ханафи мәзһабы жолынан алыстап кете жаздадық. Негізгі жиһад бейбітшілік заманда жасалады. Бейбітшілік болмаған жерде толық жиһад жасауда мүмкін емес. Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың өміріндегі ең ұлы жеңіс, ол – Хұдайбия келісімі болды. Бұл бейбіт келісімнің арқасында қас дұшпандарының өзіне діннің ақиқатын түсіндіру мүмкіндігіне ие болды. Өкінішке орай, бүгінде кейбір мұсылмандар сол ақиқаттың мәніне үңілместен жиһадты қолға қару алып соғысу деп түсініп жүр. Адамдарды соғысқа шақырып «жиһад» деп жүргендер, негізінде қоғамға кең түсінікпен қарай алмайтын, имани дұрыс түсінігі қалыптаспаған және өмірде экономикалық қажеттілігін шеше алмағандар. Бұлар бойындағы кемшіліктерін түзетіп, пайдалы адам болу жолында нәпсілерімен күресуге дәрменсіз жандар. Абайдың, «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық, аздырар адам баласын» — дегеніндей қоғамда өз орнын таба алмаған адам өзгелерді кінәлағыш келеді. Бұл танымдары уақыт өте келе айналасындағы туыс-туған, жора-жолдас, жұмыста бірге істейтіндерден, тіпті, отбасынан бөлініп ажырасуға апарып соғады. Өзгелермен шүйіркелесіп сөйлесіп, елі үшін еңіреп жұмыс істей алмайтындай психологиялық құлазуға ұшыраған олар, өз отанын «тағут» (зұлымдықты негіз еткен мемлекет) деп айыптап, еліне қарсы жұмыс жасауды сауап деп біледі.
Алла ризалығы үшін істелген әрбір іс-қарекет «жиһад» саналады. Мазһабымыздың ең маңызды екі кітабы «ад-Дурр ал-Мухтар» мен «ар-Радд ал-Мухтар» кітаптарында білім алып жүрген адамда жиһадта болады делінген. Білім алу үшін барын салып жатқан жастар ағарту жолындағы әрекетін жиһад десек, ал ата-анасының разылығын шын жүректен іздеген адам ата-анасына қызмет етуін де жиһад деп айтуға болады. Әл-Бухаридің риуаятында Абдулла ибн Амрдың бір адам Пайғамбарға (с.а.с.) келіп, жиһад жасауға рұқсат сұрағандығы туралы риуаят етілген. Ол: «Ата-анаң тірі ме?» — деп сұрады. Ол: «Иә», — деп жауап берді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Онда олардың жолында жүріңдер» деген. Шейх Абдулазиз Мансур айтады: «Егер жиһад исламдық мемлекет құру немесе адамдарды дінді қабылдауға мәжбүрлеу үшін енгізілген болса. Алла Елшісінің (с.а.с.) өзі бұл тұрғыда үлгі болар еді. Яғни, Ол (с.а.с.) бірінші болып Меккедегі мүшріктерге үлкендерімен соғысу және исламдық мемлекет құру үшін жиһад жариялаған болар еді. Алайда, Пайғамбар (с.а.с.) мұны жасамаған. «Әсіресе, мұсылман қауымы пайда болған кезде олар жиһадқа оны қорғау үшін ғана барды».
Қазіргі таңдағы ең үлкен жиһад – сауатсыздықпен күрес. Мұсылмандардың соңғы ғасырларда артта қалуларының, көптеген саяси ойындардың құрбанына айналуларының, экономикалық күйзеліске ұшырауының бірден-бір себебі – сауатсыздық, кедейлік пен ішкі алуыздық. Білім мен дін – бір-бірін толықтыратын егіз ұғым. Дінсіз ғылым ақсақтық болса, ғылымсыз дін соқырлыққа тең. Сондықтан мұсылмандар үшін ең қатерлі дұшпан – сауатсыздық, білім деңгейінің төмендігі, біліктіліктің аздығы, жаңа технологияны ойлап табуды былай қойғанның өзінде өзгелердің технологиясын да сауатты қолдана алмаулары. Осының бәрі – мұсылмандардың дамымай артта қалуларының негізгі себептері. Ендеше, бүгінгі таңдағы жиһад қылыштан гөрі қаламға, сойылдан гөрі ғылымға сүйенбек.
Қорыта келе айтарымыз, жиһадты қанды соғыс, не кәпірлермен күрес деп түсінбеуіміз қажет. Жиһад ізгі ниетпен, қоғам игілігі, ел болашағы, діннің мүддесі тұрғысынан жасалған барлық жақсылықты істі қамтиды. Бүгінгі күні арандатушы түрлі ұрандарға еріп, өз елін өгейсініп, өзге елдерге жиһадқа аттанып, жас өмірді ерте солдыру жиһадты қате түсінудің зардабы. Мұсылман құл Алланың мейірімінен үміт үзбеуі керек. Одан да туған ел мен жерді өркендетуге атсалысу, діни сауаттылыққа ұмтылып, мұсылмандық мінезімізді түзеп, адами қасиеттерімізді арттыру, жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына жағдай жасау, т.б. жақсылықты істердің басы-қасынан табылу қоғам үшін нағыз керекті іс осы болмақ.
А. Жәлел,
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы теолог маманы