Бүгін Кентау гуманитарлық-техникалық колледжінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, теріс пиғылды діни ағымдарға қарсы бағытталған кездесу өтті.
Кездесуге Түркістан облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маман Б.Өтеген, Кентау қалалық «Руханият орталығы» теолог маманы Ұ.Құлтай қатысты.
Ақпараттық түсіндіру тобы мүшелері жастарды ғаламтордың тек пайдалы жақтарын алуға шақырып, түрлі жат әрекеттерден аулақ болуға үндеді.
«Ғаламтор арқылы діни білім алу да адамға үлкен қауіп төндіреді, ол кенеттен радикалды идеологияның ықпалына түсіп, деструктивті ұйымдардың қатарына қосылуы мүмкін.
Егер бұрын адамдар рухани білімді атақты теологтардан алса немесе бір елден екінші елге саяхаттап, тәжірибелі рухани тәлімгерлерден дәріс алса, бүгінде жоғары технология мен цифрландыру заманында діни білімді үйлерінен шықпай-ақ алу мүмкіндігі туындады. Алайда, ол ақпарттардың дұрыс-бұрыстығын қарап ажыратып отырғандар аз» — деді Б.Өтеген.
Сондай-ақ, спикер интернет рухани ұстаз бола алмайтындығын түсіндірді.
«Қазіргі қоғамда, әсіресе, жастар арасында өршіп тұрған дерттің бірі әлеуметтік желі екені белгілі. Бірақ бүгінде жас ұрпақ шынайы өмірге бейімделмеген, қалыпты өмірде адамдармен қарым-қатынас, сұхбат құра алмайды, өз ойын ашық, толық жеткізе алмайды. Виртуалды қарым-қатынастан сәл алшақтай кетсе, өздеріне бірдеңе жетіспей тұрғандай сезінеді. Жастарды компьютерсіз, телефонсыз, планшетсіз, қалдырып көріңіз. Бірден түрлі қиындықтар туындай бастайды. Себебі, жастар виртуалды әлемнен тыс жерде немен айналысу керектігін білмейді. Себебі интернет ойлау қабілеті мен есте сақтау қабілетін жаулап алған.
Интернет дамыған заманда кез келген жас буын, жастар көкейіндегі өзіне керекті ақпаратты, оның ішінде діни ақпараттарды үйренуші жастардың көбісі арнайы кітаптармен, ресми діни әдебиеттерге жүгінбейді. Достарынан жеткілікті діни ақпараттарды бөліседі. Осы себептен де, діни сауатсыз болғандықтан теріс діннің ықпалында кетіп жатқандарыда кездесіп жатыр» — деді теолог маман.
Ал, Кентау руханият орталығының теолог маманы Ұ.Құлтай интернеттің зиянды жағын кең көлемде түсіндіріп өтті.
«Қазіргі дәуірдің жетістіктерінің біріне айналған, пайдасынан зиянын көп беріп жүрген, заң бұзушылыққа шақыратын жалған ақпараттардың, әлі де тексерілмеген материалдардың таралуына себепкер болып жүрген әлеуметтік желілер туралы сөз қозғамақпыз. Уақытымыздың көп бөлігін осындай әлеуметтік желілерде өткізіп жатқан қоғамның, әсіресе жастарымыздың психологиясында айтарлықтай өзгерістер мен ауытқулар сезіліп те жатыр. Мінезде ашуға тез берілу, сабыр сақтап күте алмау, сонымен қатар кез келген уақытта керек болған мәліметті мобильді телефонның интернетінен табуға болады деген сеніммен, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, жалпы барлығына дерлік әлеуметтік желілерді тиімсіз пайдалануы себеп болып отыр. Сондай-ақ, интернет ресурстарында байланыс орнатудың түрі көбейген сайын жастардың арасында сөздің, достың қадірі жоғалып барады. Виртуалды әлемдегі танымайтын адамдармен араласып, шынайы өмірдегі жұртпен араласудан қалып барады. Сонымен қатар, ғаламтор пайда болғалы кітап оқитындардың қарасы азайды. Ал бұл дегеніміз өсіп келе жатқан ұрпақтың рухани азық ала алмай, ішкі жан дүниесінің тұрақсыздығына алып келеді» — деді теолог маман.
Кездесу соңында сала мамандары жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.