Төлеби ауданында өңірдің өсіп-өркендеуі жолында ерінбей еңбектеніп, үлкен нәтижелерге жетіп жүрген қыз-келіншектер көп. Солардың бірі ретіне Леңгір қаласындағы Ш.Уалиханов атындағы №72 жалпы білім беретін мектептің география пәнінің мұғалімі Абилдаева Жібек Досыбайқызын айтуға болады. Кейіпкеріміз биыл Астана қаласында «Жаңа Қазақстанның Жүз Жаңа Есімі» атты Республикалық байқауына қатысып, жеңімпазы атанып, І дәрежелі дипломмен және төсбелгісімен марапатталып қайтқан болатын.
Қарап отырсаңыз, өмірдің өзі де ұстаз. Бірақ, осынау «ұстаз» сөзінің астарында мыңдаған білім мен ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік жатқанын байқай бермейміз. Ұстаз болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелеу, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру тек ұстаздың қолынан келетін қасиеттер. Әрбір көзі ашық адам сауатын ашу үшін ең бірінші ұстазға жүгінеді. Ал, ұстаздың міндеті ештеңеден хабары жоқ шәкіртті тұлға етіп қалыптастырып шығару. Мың ғасыр өтсе де ұстаздың аты және «ұстаз» деген ұғым өлген жоқ. Өйткені, қай дәуір болмасын, ол қоғамға ұстаздың еңбегі керек-ақ.
Тарыдай болып кірген күніңізден бастап мектеп қабырғасында сіздің еркелігіңізді көтеретін де, қателіктеріңізді кешіретін де, сабақ бере отырып сүйіспеншілікке баурайтын да, махаббатқа тәрбиелейтін де, өмір сүрудің қыр-сырын үйрететін де ұстаздар қауымы. Таудай болып шыққан күніңізде де талабыңызға тілекші болып отыратын тағы да ұстаз. Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірті. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы әрі білімді шәкірт. Бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келген шәкірт үшін ұстаздың қуанышы сіз бен бізге елестетуге келмейтін сезім. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған күні сізді құшаяқ жая қарсы алған аяулы жанның екінші анаңыздай болып кетерін сезініп көрдіңіз бе?! Әрине, жоқ. Бірақ әрбір күн өткен сайын жаныңыздан табылып, әр аптаның жеті күнінде жеті рет көрісіп, көңіл ұясына тұрақтап қалған ұстазға деген махаббат өлмек емес.
Мамандық көп. Бірақ мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес, қанша мамандық болса да сізді маман қылатын тағы да ұстаз. Мейлі сіз ғалым болыңыз, жұлдыз, тіпті беделді азамат, президент болып кетсеңіз де сізді осы өмірге жетелеген, осы шыңға жетуге себепші болған ұстазды ұмытуға қақыңыз жоқ. Оның еңбегін сыйлау, оған құрмет көрсету сол адамға деген сый-сияпат емес, сіздің тәрбиелі, тәлімді тұлға болғаныңыз. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын есте сақтаңыз.
— Менің ұстаздық жолды таңдауыма әкем мен анамның алар орны ерекше. Әкем мен анам бүкіл өмірлерін балаларға арнаған ардақты да аяулы ұстаздар. Әкем Бегасилов Досыбай Білім Беру ісінің үздігі, ал анам Хамитова Хафизада зейнеткерлікке осы саладан шықты. Өзімнің педагогикалық жолым туралы қысқаша айтып өтсем, М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да 1996 -2000 жылы аралығында білім алдым. Педагогикалық өмір жолымды аудандағы киелі қара шаңырақ аталып кеткен, №2 Ш. Уалиханов атындағы жалпы білім беретін мектебінде география пәнінің мұғалімі болып бастап, 23 жыл талмай еңбек етіп келемін» — дейді Абилдаева Жібек Досыбайқызы.
Осы орайда Абилдаева Жібек Досыбайқызының соңғы 5 жылдағы кәсіби жетістіктеріне тоқталып өтсек. Ол 2019 жылы оқущылардың кіші ғылым академиясының облыстық сырттай байқауына өлкетану секциясы бойынша оқушысы Сатыбалды Диас қатысып, ІІ дәрежелі диплом иеленді.
2019 жылы облыстық пән мұғалімдерінің олимпиадасында география пәнінен ІІ-ші орын иегері атанды. 2020 жылы облыстық “Пән олимпиадасының үздік педагогы” атанып, төс белгісімен марапатталды. Республикалық “Озаттар-білім саласы үздіктерінің энциклопедиясы” жинағына еніп, білім саласын үздік қызметкерлері қатарынан көрінгені үшін Құрмет граматасымен,“Озат педагог” төсбелгісімен марапатталды. Ұлттық инновациялық ғылыми-зертеу орталығы ұйымдастырған “БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ — 2020” атты конференцияға қатысып, I дәрежелі дипломмен марапатталды.
2020 жылы жаратылыстану-математика циклы пәндері бойынша өтілген “Президенттік Олимпиаданың” өңірлік кезеңінде оқушысы Әбдіш Зейнеш I дәрежелі дипломмен марапатталды. 2022 жылы Төлеби аудандық білім бөлімі басшысының Алғыс хатымен 2 рет марапатталды. Сонымен қатар, «Өрлеу» БАҰО АҚФ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институтының мадақтамасымен, Төлеби аудандық «Аманат» партиясының Алғыс хатымен, облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды. Алтын Ұрпақ зияткерлік олимпиадасында оқушысы Сүгір Айжан, Тасболат Асемай мен Айбекұлы Жасұлан ІІІ дәрежелі диплом иеленді. Ал, 2022-2023 оқу жылында жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша аудандық кезеңінде оқушысы Нұралы Жібек ІІ орын иеленді. Өткен жылы республикалық үздік педагогикалық идея байқауында «География сабағында ІТ технологияларын қолдану” тақырыбы бойынша авторлық бағдарлама ұсынып, жеңімпаз атанды. Төлеби ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.