Бүгін Хантағы елді мекенінде орналасқан №5 «Абай Құнанбайұлы» атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушыларына ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Кездесуге Түркістан облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маман Б.Өтеген, Кентау қалалық «Руханият» оталығының басшысы Қ.Бекметов, және теолог маманы Ұ.Құлтай қатысты.
Қазіргі кезде дінімізді бұрмалап, түрлі жаңалықтарды енгізіп, дінімізден, тілімізден, мәдениетімізден, ұлттық салт-дәстүрімізден, құндылықтарымыздан айырып, қоғам арасында араздық, дұшпандық, туғызып, бірлігінен айырып, өсіп келе жатқан ұрпақтың жалпы қоғамның санасын улайтын, ұлттық құндылықтарды ұмыттырғысы келетін түрлі ағымдар өте белсенді жұмыс істеп жатқаны байқалатындығын ақпараттық түсіндіру тобы мүшелері айтып өтті.
«Дін дегеніміз – адамның рухани дамуының ажырамас тірегі. Діннің түпкі мақсаты – адамды кемелдендіру, рухани тәрбиелеу. Жақсылық пен рақым көрсетуді, бір нәрсені ең жақсы түрде істеуді, Аллаға шын жүректен, ықыласпен қызмет етуді білдіреді. Әзіреті Әли: «Адамдар өз жұмысын ихсанмен орындау арқылы құрметті болады» – деп адамдардың атқарар жұмысында ихсан дәрежесіне жету үшін, ол істі білуі әрі сол ісінің нәтижесінің жақсылыққа айналу керектігін меңзеген. Сондықтан, тек жақсылыққа үйір, жанашыр болайық» — деді Б.Өтеген.
Сонымен қатар, теолог маман радикализация ұғымына де кең көлемді тоқталып өтті.
«Әлеуметтің нормативті шеңберін бұзатын радикалды құралдарды пайдалану арқылы жүзеге асатын процесстің тағы бір анықтамасында «радикализацияны» — интеллектуалды әрі ымырасыз және ешқандай мәмілеге арқа сүйемейтін әрекетке бағытталған процесс» деп атаған. ҚР Заңында: «Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы» делінген («Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабы, 6-тармақша). Олай болса мемлекет азаматтардың қандай да бір діни бағыттағы ұстанымдарына еркіндік беріп отыр. Алайда, мемлекет діни бірлестіктердің ішкі жұмысына араласпаса да, олардың жалпы қызметі дін аясынан шықпауын жіті қадағалап отырады. Сәйкесінше ел ішіне іріткі салушы радикалды топтардың іс-әрекеттері мен ұстанымдарының жолы дер кезінде қиылады» — деді ол.
Ал, Қ.Бекметов дін ісі мемлекет ісінен бөлек болғанмен, дін мен қоғам бөлек емесдігін жеткізді.
«Қазіргідей рухани бағытын айқындау кезеңінде, радикалды, деструктивті сипаттағы ағымдар мен ұстанымдарға қарсы күрес жүргізіп отырған шақта қоғамдағы діни ахуалды реттеу, діни бірлестіктермен жұмыс, олардың қызметтерін қадағалау – біздің еліміз үшін аса маңызды. Даналарымыздың: «Рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алады» дегеніндей, халқымыз ынтымақта, бір үйдің баласындай тату-тәтті, жарасымды тіршілік етіп келеді. Еліміздегі бірлігі мықты, достығы берік барлық этнос өкілдері қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарап, қазақ халқының қарапайымдылығын, қонақжайлылығы мен бауырмалдылығын ерекше бағалайды. Еліміз олардың тату-тәтті өмір сүріп, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын сақтауы үшін барлық мүмкіндікті беріп отыр» — деді ол.
Кездесуде Ұ.Құлтайда өзіндік ой пікірін айтып жастарды жат ағымнан сақтануға шақырды.
«Жат ағым – адам денесіндегі дерт іспетті. Қай жерде әлсіздік болса, қай жерде сақтану, алдын алу шарасы болмаса, сол жерді дерт меңдейді. Сондықтан әр азамат дұрыс діни ақпараттармен өзінің білімін күшейтіп, дінді сенімді қайнар көздерінен үйреніп, рухани сүзгі қалыптастырса, теріс ағым ықпалынан сақтана алады. Діни сауат ашуды қалаған адам немесе көкейіндегі сұрағына жауап алғысы келген кісі діни мағлұматты интернет желілеріндегі белгісіз тұлғалардан емес, мешіт имамдарынан сұрағаны, бекітілген ұстаздардан үйренгені аса маңызды» — деді ол.
Сала мамандары кездесу соңында көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.