Иә, бұл Клара есімді Кентау қаласының тұрғыны. Өзі – көпбалалы ана, аяулы жар. Ешқандай жұмыс талғамайтын жас әйел «еңбектің наны тәтті» деп еден жуушы қызметіне кірісіп кетеді. Өйткені ол бұл мамандықты өмір бақи атқармайтынына сенді. Болашаққа жоспарлаған арманы мен мақсаты да мығым.
Кентау Яссы колледжінде Клара Баймаханова қарапайым еден жуушы болып жұмыс жасайды. Көпшілік кіріп-шығып жататын зәулім ғимаратты Клара тазалаудан ешқашан шаршамайды. Ол өте ақ көңіл, кісілігі мол жан. Студенттер әрлі-берлі жүріп жатқан жерді, қыста қардың суынан, көктемде қара балшығынан арылмайтын шеті мен шегі жоқ ұзын дәліздерді жуып жатырмын-ау деп өзін қорсынбайды. Өткен-кеткенге жекіп, ұрыспайды. Ыңылдап әндетіп қойып, өзімен өзі еденді жуа береді, жуа береді. Қолына резеңкі қолғапты киіп алып, атшаптырымдай ғимараттың бұрыш-бұрышына шелек толы суды тасып, зыр-зыр жүгіреді. Кеудесін ішіне қарай бүгіп алып, шелектегі суға шүберекті әлсін-әлсін малып, оны он рет сығып еден жуғанын көрсеңіз ғой…
Ширақ қимылына көз ілеспейді. «Неге екі бүктетіліп жуасыз? Мұнымен беліңізден бел қала ма. Бұл аздай, салқын суға қолыңызды жүз маласыз. Денсаулыққа зиян емес пе» деген сұрағыма, арнайы құралдармен жуа алмайтынын, таяқты әрлі-берлі жүргізіп жуғаннан еденнің кірі дұрыс кетпейтінін, ылайланып қалатынын айтады. Мұндайда, өзін аямайтын, осы жұмысты сүйіп істейтін Клараға іштей сүйсінесің.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында айтқан нағыз еңбек адамы — Клара Серікқызы. Сондай-ақ, Клараның еңбекқорлығы Ұлы Абайдың «Есектің артын жуып болса да мал тап» деген даналығын әлсін-әлсін ойға оралтып тұрады. Біздің қоғам осындай қарапайым еңбек адамын алдымен қадірлеу керек.
Енді, Клараның өмір жолына келсек, 1985 жылы Түркістан облысы, Созақ ауданында көпбалалы отбасында дүниеге келіпті. Еліміз енді тәуелсіздік алған қиын жылдары яғни, 1991 жылы ақ бантигі желбіреп құрбыларымен бірге аудандық жалпы білім беретін мектебіне барыпты. Он бір жылдық мектепті бітірген бойжеткен қыз ата-анасына үй шаруасына көмектесіп, жоғарғы білім де ала алмады. Өзімен қатарлас сыныптастары білім алуға жан-жаққа кетті. Ал, Клара ағалары әскерден келіп, қара шаңыраққа келін келгенше үй шаруасын атқарып, анасына қолқабыс етті. Оның әкесі Созақ ауданына белгілі шопан болған. Әкесі таңның атысынан, қара кешке дейін, жаздың ыстығында маңдайынан күн өтіп, қыстың суығында табанынан сыз өтіп мал бағып, отбасына қамқоршы болды. Клараның әкесі 2018 жылы дүниеден өткенше үйде қарап бос отырмайтын. Ал, анасы дүниеге алып келген жеті баланың тәрбиесі мен үй шаруасын жасап келеді.
Клара үй шаруасына ерте араласты, өзге қыздар секілді бала болып та ойнамады. Себебі, өзінен кейінгі іні мен сіңілдеріне қарады. Үй шаруасына тиянақты, түрлі тәтті пісіретін бойжеткен қызды бақылап жүрген Ержан 2005 жылы алып қашып кетеді. Тағдырдың жазғанына көніп бір әуеттің инабатты келіні атанады. Алғашқыда жас келін ата-енесімен бірге тұрады. Қайнылары үйленген кейін олар еншісін алып Кентау қаласына көшіп келеді. Қалаға келіп жалдамалы пәтерде тұрған жас отбасы бір отағасының ғана табысына қарап қалады. Жоғары білімі болмаса да «екі қолға бір күрек» деп табылған жұмысқа кіруге бел байлайды. Сөйтіп, ең алғашқы еңбек жолын Кентау Гуманитарлық техникалық колледжіне еден жуушы болып бастады. Клара адал еңбектен қашпайтын, өзінің ісіне адал жанның бірі. Өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға тырысады. Өзі көпбалалы, бақытты отбасында дүниеге келгенен кейін, Ержан екеуі де өздерінің көп баласы болғанын қалады. Алланың берген екі ұл, үш қызын тәрбиелеп, жұмысын да жасап келеді. Клараның жолдасы Ержан Бегалыұлы вахтада жұмыс жасайды. Он бес күн жұмыста, он бес күн демалады. Осы демалыс күнінде үйде бос отырмайды.
Кентау Гуманитарлық техникалық колледжінде біраз жыл жұмыс жасады. Содан кейін бала күтіміне байланысты демалысқа шығады. Клара үйде отырып кішігірім өз кәсібін жүргізеді. 2020 жылыдан бері қалалық Яссы колледжінде еден жуушы болып еңбек етіп келеді.
– Мен осы еден жуушы болғаныма арланбаймын. Себебі, адал еңбегіммен отбасымды асырап, өзімді де қамқорлап, еліме қызмет етіп келемін. Қолыма жұққан ештеңесі жоқ. Керсінше, денсаулығыма пайдалы. Қол-аяғым күн ұзағына шынығады. Менің басты ұстанымым –адам болып жаратылған соң, адамдық қалпыңда қалу! Біреуге алақан жайып, масыл болмау! Қандай жұмыс істесең де адалынан атқару! — дейді Клара.
Айтуы дұрыс. Кез келген әйел заты Кларадай ұқыпты, сергек, өз ісіне жауапты әрі таза, еңбекқор, намысшыл болса шіркін… Ол нағыз еңбек адамы!
Клара Серікқызы жұмыста керемет маман, әріптестерінің ортасында беделді. Өзінен «еңбек адамы деген кім?» деп сұрақ қойғанымызда, ойланбастан өз ісін мінсіз атқаратын адам екенін атап өтті.
— Менің ойымша, бүгінгі заманда еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен өз міндетіне адал, ұқыпты, өз ісін мінсіз атқаратын адам. Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін жанды еңбек адамы деп есептеймін. Ол – диқан, малшы, жазушы, өнер адамы бола ма немесе әртіс бола ма, оның бәрі де нағыз еңбек адамы болып табылады. Себебі, бәрі де маңдай терімен, адал нанын тауып, қоғамға өз үлестерін қосып келеді. Адам адал маңдай терін сіңіріп тұрып еңбек етуі керек. Еңбек адамы деген тек қана диқанды, шопанды, еден жуушыны ғана білдірмейді. Еңбек адамы кез келген салада бар, — деді Клара тебірене.
Ал үйде аяулы ана. Балаларын күйеуі Ержан Әжібаев екеуі оқытып-тоқытып, бүгінде сол перзенттерінің қуанышын қызықтап отырған бақытты отбасы. Үлкен ұлы Клараның жұмыс жасайтын колледжінде білім алуда. Анасының еден жуғанына намыстанбайды. Сабақтан шығысымен анасына көмектеседі.
Жасы биыл 39 жасқа қараған Клара Серікқызының Яссы колледжінде еден жуушы болып жұмыс істеп келе жатқанына алты жылдан асты. Көктем, жаз, күз айларында жұмыс жеңілдеу болғанымен, қыс айларында кәдімгідей қиналады. Әсіресе, қар мен жаңбыр жауғанда жұмыс қиындай түседі. Алайда, қысы-жазы ғимараттың ішінде. Өзіне бекітіліп берілген бөлмелер мен дәліздерді жуады. Жиһаздар мен мүліктердің шаңын сүртеді, гүлдерге су құяды. Клара өзінің жұмысына ешқашан шағымданған емес. «Жалақысы аз, жұмысы ауыр» деп еңбектен қашпайды.
Клара балаларына да «адал еңбектің наны тәтті екенін» айтудан жалыққан емес. Нәзік саусақтарын жылдың төрт мезгілінде суға малып, жүрген жерін тазалаудан жалықпай, жалқаулыққа салынбай, ел қатарлы нанын табу — үлкен дәреже.