Қазақ даласында астына ат мініп, қолына қару алған арулар аз болған жоқ. Арғы түбін адақтасаң Қобыланды батырдың Тайбурылын баптаған Құртқа қызға барып тірелетін, бергі бедерін бағамдасаң кешегі Бопай мен Гауһарқызға тиянақталатын ат жалында өткен аруларымыз жетерлік. «Мал баққанға бітеді» дегенді бұрынғылар бекерге айтпаса керек. Оның төркіні қыста күннің ызғарына қарамай, жазда малдың ауру-сырқауымен алысатын бақташы тірлігінің қиындығын тұспалдайтындай. Бүгінгі таңда Кентау қаласының экономикасы да едәуір артып келеді. Ал, оған қолғабыс етушілер қатарына өз кәсібін дамытып, кәсіпкерлік ортаны жандандырып жүрген еңбеккерлерді ерекше айтуға болады.
Биыл жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін 2,5 пайыз мөлшерімен несие беріле бастады. Несиені 35 жасқа дейінгі азаматтар мен азаматшалардың алуға құқығы бар. Төлем мерзімі 5 жыл. Ал ауылшаруашылық саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Осы жылы Түркістан облысында жаңа бизнес-идеялар ұсынған 1688 азаматқа грант беру жоспарланған болатын. Жалпы, облыс жастарына 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие үйлестіру үшін мемлекет тарапынан 2,9 млрд. теңге бөлінген.
Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында Кентаулық жастарда өз кәсібін ілгерлетіп, беріліп жатқан жаңа мүмкіншіліктерді ұтымды пайдаланып келеді. Солардың бірі жас кәсіпкер Ұлжалғас Мұсаева. Ол «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жастарға арналған 2,5 пайыздық несие бағдарламасына қатысып, 5 млн. несие алды. Қазіргі таңда 11 жылқы алып, оларды баптап, саумал және қымызбен қала мен қалаға қарасты ауыл тұрғындарын қамтамасыз етуде.
Мал баптауға әбден машықтанған Ұлжалғас Кентау қаласында 1991 жылы дүниеге келген. Дінмқхаммед Қонаев атындағы №10 жалпы орта мектепті бітіріп, арман қуып оқуға түсіп. Програмист мамандығын алады. Ұлжалғас оқу ордасының берген білімімен жұмыс жасаудан гөрі, әкесінің өмірлік тәжірибелік тәлімін таңдады. Сол әкесінен алған білімі әлі күнге дейін өз жемісін беруде.
Ұлжалғас жастайынан ат баптаған әкесінің, бие сауған анасына қолғабыс етіп өсті. Ол ат десе ішкен асын жерге қояр қаракөздің бірі.
— Кішкентайымнан малға, әсіресе жылқыға жақын болып өстім. Ата-бабамыз «Ат – адамның серігі» деп бекер айтпаған ғой. Ат көрсем болды, жақын досымды көргендей боламын. Біздің әулетте жүйрік баптап, аламаннан ат оздырған ешкім болған жоқ. Атам да, әкем де жылқыны малданып, еті мен қымызын пайдаланды. Атқа мінуді есбіліп, 5-6 жасқа толған соң үйрендім. Әрине, әкем жүйрік баптап, сәйгүлік ұстамаса да, малға, ары-бері жүріп-тұрғанға мінетін атын қолынан шығарған емес. Сол кезде-ақ әкем менің атқа қызығатынымды, ат десе алып-ұшатынымды көрген соң, бетімнен қақпады, — деді жылқы батаушы кәсіпкер.
Бүгінгі маұаламыздың кейіпкері Ұлжалғастың сөзіне қарағанда жылқыны күні бойы күтіп-баптап, жем-шөбін қадағалап отыру керек. Баладай мәпелеп, жем беру уақытын сақтап, ереже ұстау керек. Себебі, жылқыға берген жем-шөбіңе, баптауыңа қарай ол өзінің саумалын береді. Әрине, мұның барлығы өздігінен бола салмайды. «Жылқыны жылқының тұяғынан да қатты адам баға алады» дегендей, атты да түн ұйқысын, күндіз күлкісін тыйған адам ғана баптай алады. Барлығы да тек еңбекпен келетіні анық.
Ұлжалғастан жылқы баптаудың сырын сұрағанымыда, көп ойланбастан: «Әр аттың мінезі әр түрлі. Тек баптайтын атыңыздың мінезін аша білуіңіз керек. Оның жанын түсінуге, оның не қалайтынын ұғуға тырысқан абзал. Сол кезде ғана ол сіз үшін бойындағы барын салатын болады. Жылқы баптаудың қыр-сырын ізденуден және білетін адамдардан сұраудан жалыққан емеспін. Нені білмесем – соны білетін адамдардан сұраймын. Олар маған ақыл-кеңесін, ат баптаудағы әдіс-амалдарын үйретуден шаршамайды. Ал мен сол ағаларым айтқан амалдарды талдаймын, — дейді кейіпкеріміз.
Ұлжалғастың тұлпар баптауға құмар, жылқыға жаны жақын екенін де аңғардық. Қазақ қызына лайық қайсарлық та, нәзіктік те бойынан табылады. Талай жасқа үлгі боларлық, өнегелі ісін өз көзімізбен көріп қайттық.
– Атқа құштарлығымның басты себебі – қазақ болып туғаным деп ойлаймын. Неге екенін білмеймін, ес білгелі жылқы жайлы мультфильмдердә көргенді ұнататынмын. Бір жерден ат көріп қалсам тыпыршып тұра алмай кететінмін. Әкем малға шыққанда 5 жаста едім. Сол кезден бастап атқа міне бастадым. Әуелгіде әкем мен көкем алдарына отырғызып, тізгінді ұстатып қоятын. Мен тізгін ұстап, атқа «шу» дегеніме қуанатынмын. Сол сәттерден бастап жылқы досыма, сырласыма айналды. Жалпы, жылқының күтімі оңай шаруа емес. Жемшөбін беріп қоя салу жеткіліксіз. Жылқы да жан иесі, жүрегі бар, махаббатты сезеді. Мектеп оқып жүргенде Торқа есімді атым екі жарым жыл серігім болды. Мен үшін ең ерекше ат еді. Бір көргеннен жаныма жақын сезініп, мені өзіне баурап алды. Өзге жылқылардан сыртқы келбетімен емес, ішкі жан дүниесімен ерекше болатын. Мінезі ашық болғанымен адам таңдайтын әдеті де бар еді. Ыңғайға тез көнетін, әйткенмен қырсықтығы да өзін толықтырып тұратын. Өзіне ғана тән ешкім байқай бермейтін қырлары көп болатын. Адалдығы мен сезімталдығы да бір төбе. Тіпті адам баласы білмейтін сырларымды алып кетті өзімен. Айтсам таусылмайтын естелік қалдырды. Одан айырылу қиын болды. Шіркін, жануарым-ай шыдамы тастай, өте төзімді еді ғой, – деген Ұлжалғастың діріл араласқан даусынан қимастықтың, сағыныштың лебін сездім.
Ұлжалғастың жылқыға осыншалық жақындығына расында тәнті болдым. Тіпті өзінің баптап жүрген жылқыларымен сырласатынын естігенде таңырқағанымыды жасыра алмай, жануардың тілін қалай ұғатынын сұрадым.
– Оңашада ойымдағының бәрін еш қысылмай айта беремін. Себебі, естіп тұрғанын, түсініп тұрғанын білемін. Бірақ, жауап қайтармайды. Тілсіз болғанымен жүрегі бар. Бір кездері қатты ашумен қой бағып жүріп, атыма егіле жылап мұң шағып едім, сенесіз бе, ойнақшып тұрған Торқамның көзінен жас көрдім. Маған қолдау бергендей болды. Сол кезден бастап атпен сырласу мен үшін психолог маманнан артық болмаса, кем болмайтынын түсіндім. Жануар тілін толық түсінемін деп айта алмаймын, бірақ өзгеше көзқарасын байқап, қолдауын сезінемін. Жаным жабырқаса, жылқыммен сырласып, кәдімгідей жүрегім жылып, іштегі ауыр ойдан арылғандай жеңілдеп қаламын. Қазір он бір жылқымыз бар. Әрқайсына ат қойғанбыз. Өзіме жақын жылқымның бірі – Ақжол. Торы құнан. Тапал келген, қыңыр мінезді, ерке, ерек тұрпатқа ие. Осы құнаным ерекше менің жанымды ұғынады. Сырымды айтсам, үнсіз тыңдап, мені түсінгендей болады. Бірақ, қолымдағы он бір жылқыны бөліп жармай күтіміне жемшөбімен қоса көңіл бөлемін, – деді қайсар кәсіпкер.
Талдырмаш тұлғалы, жаны нәзік болса да асау үйрететіні тіптен тамсантты.
– Иә, асау үйрету оңай іс емес. Бірақ бойдағы құмарлықты тізгіндей алмай, үйретіп кететін кездерім болады. Негізі асау атқа 6 жасымда мінген екенмін. Мен бала болғаннан ба, әлде байланысты сезгеннен бе, шу асау туламай, жуас жануардай мінгізген екен. Бұл да бір белгі-ау деп ойлаймын. Асау үйретуге тақымның беріктігі мен жүректің кеңдігі керек. Сірә, менен сол сезімдерді түйсінген болар, осы күнге дейін жуастырған асауларым ешбір қиындық туғызбады. Асау биелерді сауу да оңай емес. Асау жылқыдан таяқ жеген әйелдердің әңгімесін талай еститінмін. Бірақ, өзім осы кезге дейін асау биеден таяқ жемедім. Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі шекара білмейтін жылқыға деген құмарлықтың арқасы болар, – дейді Ұлжалғас Тастанбекқызы.
Кейіпкеріміздің сөз саптауына қарап өмірдің қыр-сырын ұғынып қалғанын аңғардық. Өзі де мал баққан әкесінің қасында жүріп, ешбір еңбектен қашпай, шыныққанын байқадық.
– Қаланың шет жаңында тұрғандықтан тірліктің көбі қолмен атқарылатын қара жұмыс. Бала күнімізден бізді еңбекке араластырып, тәрбиеледі. Ата-әжемнің және әкем мен анамның сол тәрбиесінің арқасында шыңдалып, іске бейім болып өстік. Адамды адам ететін еңбек қой. Сабақтан жазда демалысқа шыққанда да жұмыс істеп, адал еңбекақымды өз қажеттілігіме жұмсайтынмын. Жаныңның қалауымен істеген істің берекесі мол емес пе?! Осы жылқы бағу арқылы үйде отырып бала тәрбиесімен де айналысып, өз кәсібімді де ашып, қаламыздың экономикасын көтеруге де атсалысып келемін. Еңбек етемін деген адам, өзіне ұнаған хоббиі арқылы да ақша таба алады, — деді Ұлжалғас.
«Бақпасаң мал, қарамасаң қатын кетеді» деген сөздің жаны бар. Малың төлдеп, қораңды кеңейтуді ойласаң әр түліктің жағдайын жасау керек. Кез келген жұмысқа жаныңды беріп, жақсы көріп істесең ғана жетістікке жетесің. Отбасындағы балалардың ішінде тек Ұлжалғас ғана әке жолын қуып осы шаруашылық кәсіпті таңдады. Бүгінде, міне, соны тікелей кәсібіне айналдырып, нанын жеп отыр. Қазіргі таңда екі бие сауады. Биелерін бес уақыт сауады. Ұлжалғастың баптаған биелерінің саумалы мен қымызы да құнарлы. Оның саумалын емге ішіп, қымызын сұраушылар да көп. Көбейтіп отырған жылқылары келесі жылы құлындаса, ол биелерінен алған саумалы мен қымызын халыққа ұсынады. Саумал мен қымызға деген сұраныс күн санап артып келеді.
Жылқы малын өсіріп, отбасылық кәсіптен нәпақа тауып отырған Ұлжалғасқа жолдасы және бауырлары қолқабыс етеді. Жылқы баптаушы кейіпкеріміздің 4 перзенті бар. Ол үш қыз, бір ұл тәрбилеуде.
«Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Қаншама жылдық бейнеттің зейнетін көру үшін, адал еңбегінің ақ майын татып отырған Ұлжалғастың жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық дейміз.