Мектептің жүрегі — ұстаз. Ұстаз жас өркен мен қоғам арасындағы байланыс күші. Ол тәрбиеші әрі тәлімгер. Бұл оның адами азаматтық ұстанымы. Оның ісі адамды қалыптастыруға бағытталған. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі ұстаздардың қолында.
Тәуелсіз елдің негізгі тірегі — білімді ұрпақ. Қазіргі таңда білімдінің алға түсіп, бәйгеден озып келетін күні енді туды десек болады. Мемлекет болашағының кепілі — жастарға білім мен тәрбие беру мәселесінен өткір мәселе жоқ екені белгілі. Қазақтың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген сөзі бар.
Қазақсатан Республикасының білім беру реформаларының негізгі мақсаты — білім беру жүйесін жаңа экономикалық ортаға бейімдеу. Яғни, болашақта өркениетті, дамыған елдер қатарына ену үшін бізге заман талабына сай білім қажет. Осы орайда өзім басшылық жасайтын №45 «1-Май» жалпы білім беретін мектепте өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде қандай жұмыстардың атқарылып жатқанын айта кетуді жөн көріп отырмын.
Біздің білім ошағында бүгінде 1019 оқушы білім алуда. Оның 540-ы ұл, 479-ы қыз. 2023-2024 оқу жылында 11-сыныпты 68 оқушы тәмамдаса, соның 10-ы «Үздік аттестатқа» ие болды. Ал, 9-сыныпты бітірген 82 оқушының 8-і «Үздік аттестат» алды. Жалпы мектеп бойынша 51 сынып комплектісі бар. Оқушылардың жарты жылдықтың 3-тоқсанында көрсеткен білім сапасы 54,1 пайыз болса, 4-тоқсанында бұл көрсеткіш 55,4 пайыз болды.
Сонымен қатар, біздің білім ошағында 168 мұғалім жұмыс істейді. Соның ішінде 31 педагог зерттеуші, 45 педагог сарапшы, 43 педагог модератор, 49 педагог бар. Бастауыш сыныпта оқитын 346 оқушы тегін ыстық тамақпен қаматамасыз етілген. 5-11 сыныптағы атаулы әлеуметтік көмек алатын 29 оқушыда тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. «Мектепке жол» акциясы аясында атаулы әлеуметтік көмек алатын 47 оқушының әрбіріне мектеп формасы үшін мемлекет тарапынан 40,532 теңгеден берілді. Мектептегі демеушілер есебінен 10 оқушыға 105 мың теңгеге мектеп формасы, оқу-құралдары сатып алынды. Мамыр айында мектеп және ата-аналардың ұйымдастыруымен 450 оқушы бір күндік демалуға барып қайтты.
Мектебіміздің басқа білім ұяларынан бір ерекшелігі – бізде балаларға сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру мақсатында бірнеше ауқымды жоба қолға алынған. Айталық, «Еңбегі адал-жас өрен» жобасы аясында мұғалімдер оқушыларға мемлекеттік стандарт негізінде білім берумен қатар, үйірмелер ұйымдастырады. Үйірмелер барлық пәннен ашылған. Олардың қатарында: футбол, волейбол, шахмат, қолөнер, баскетбол, «Жас сарбаз» үйірмесі, пәндік үйірмелер бар. Барлық пәндерден он күндіктер өткізеді. Он күндік барысында сайыстар, семинарлар, жарыстар ұйымдастырылады. Жұмыс барысында оқушыларды терең және саналы білім алуына баса көңіл бөлінеді. Футбол және волейболдан жарыстар өткізеді. Мектеп футбол командасы ауыл біріншілігінде І орынды иеленіп қайтқанын мақтанышпен айтуға болады. «Жас сарбаздар» командасы «Айбын» әскери патриоттық сайыста ауданда І орын, облыста ІІІ орынды иеленді.
«Мың бала» республикалық олимпиадасында біздің мектебімізден қатысқан 51 оқушының алтауы облыстық кезеңге жолдама алды. «Айқанат» олимпиадасында 26 оқушы бақ сынап, оның екеуі облыс кезеңге қатысып, «Тау самалы» демалыс орнында 2 күн демалып қайтуға мүмкіндік алды. КВН командасы ауыл мектептері арасында І орынға ие болып, 45 мың теңгелік сертификат пен кубокты жеңіп алды.
2023-2024 оқу жылында мектепті бітірген 68 оқушының 30-ы ҰБТ тапсырып, олардың жетеуі грант иегері атанды. Бұл біз үлкен үлкен жетістік. Грант иегері болған Хусенов Ахрор бүгінде Қарағанда медецина академиясында, Баратов Комил Қарағанда медицина академиясында, Ирисметов Сарвар Букетов атындағы Қарағанда мемлекеттік университетінде, Наркулова Омина Букетов атындағы Қарағанда мемлекеттік университетінде, Абдуллаева Дияра Шымкент қаласындағы М Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде, Шухратова Марварида Түркістан қаласындағы Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Эргешова Рисола Букетов атындағы Қарағанда мемлекеттік университетінде оқуда. Одан басқа 22 бітірушіміз жоғары оқу орнына, ал 13 бітірушіміз колледжге оқуға түсті.
2023-2024 оқу жылында мектептердің ата-аналар қауымдастығымен өзара іс-қимылы негізінде тәрбие міндеттерін іске асыруда «Ата-аналар академиясы» құрылды, сондай-ақ «Тоғыз ай – 9 іс-шара»,«4 тоқсан – 4 өнер» жобалары шеңберінде іс-шаралар өткізілді. Мерейтойлық күндерге арналған сыныптан тыс іс-шараларды ұйымдастыру маңызды аспектілер болып табылады. Мектебімізде әртүрлі іс-шаралар, жобалар, акциялар жолға қойылған.
Екінші жоба, ол – «БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫ» жобасы. Аталмыш жоба аясында «Кітап ғажайыптары әлеміндегі оқиғалар» тақырыбында оқырмандармен кездесулер ұйымдастырылды. «Ең үздік оқырман» атты сайыстар өткізілді. Мектепте ұлттық мәдениетті дәріптеу, білуге, жаңа нәрсені тануға құштар болу мақсатында 4-сыныптар арасында «Мен оқыған бір ертегі» тақырыбында сынып жетекшілерімен мектеп кітапханашылары бірлесе отырып, көрме ұйымдастырды. «Кітап сыйлау» акциясында 1-11 сынып оқушылары белсенділік танытып, ұстаздар, ата-аналар, өздерінің оқыған жаңа кітаптарын сыйға тартты.
Ал, «ҰШҚЫР ОЙ АЛАҢЫ» жобасы аясында көптеген дебаттар, пікірсайыстар өткізілуде. Ай сайын оқушылардың бойында отансүйгіштік сезімін ұялатып, олардың туған ел мен жерге қатысты мәселелерді талқылап, түсінуіне жәрдемдесу. Сонымен қатар, оқушылар арасындағы құқық бұзушылық, суицид, нашақорлыққа қарсы кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес те мектепішілік пікірсайыстар өткізіліп тұрады. Сайрам ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің хатына байланысты Кеңес әскерлерінің Ауғанстан Республикасынан шығарылыуына 35 жыл толуына орай «Отты жылдардың естелігі» тақырыбында іс-шара өткізілді. Мақсаты оқушыларды туған жерін, Отанын сүюге халқына адал қызмет етуге тәрбиелеу болды.
«Қамқор» жобасы аясында «Таза Қазақстан» акциясы өткізілді. Табиғатқа қамқорлықпен қарауға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалана білуге, салауатты өмір салтына тәрбиелеу мақсатында «Экологиялық калейдоскоп» тақырыбында сыныптан тыс іс-шаралар мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Апта сайын сенбілік жұмыстары жүргізілді. Сенбілік барысында мұғалімдер ауылды, мектептің жан-жақтарын күл-қоқыстардан, арамшөптерден, тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстарын атқарды.
Қорыта айтқанда, біздің білім ошағымызда оқушыларға сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беруде жаңашылдыққа бастайтын жобалар көп. Олардың барлығы өскелең ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіруге бағытталған.
Ф. ИБРАГИМОВ,
№45 «1-Май» жалпы білім беретін мектептің директоры