Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырған Кентау қаласында алаяқтық қылмысы екі есеге өсіп отыр. Мәселен, 2024 жылдың екі айында қалада 24 алаяқтық қылмысы тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 48-ге өскен. Алаяқтық құрбандарының жас мөлшері орта есеппен 50 жасты құрайды. Ал, жәбірленушілердің көпшілігі әйел азаматтар. Ал, мамандығына орай саралайтын болсақ, мемлекеттік қызметкерлер, бухгалтерлер, зейнеткерлер мен жеке кәсіпкерлер және мұғалімдер алаяқтардың құрбаны болған. Сондай-ақ, бұл тізімде жұмыссыз азаматтарда бар. Жылпы бір жыл ішінде 80 млн теңге шығын келген.
Бүгін қалада «Алаяқтыққа алданбаңыз!» атты іс шара өтті. Онда қала әкімі Жандос Тасов интернет алаяқтықтың жасалу жолдарын айтып, қорғану жолдарын түсіндірді. Атқарылып жатқан жұмыстар жайында мәлімет берді.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында лудомания, қаржылық пирамида және интернет алаяқтық, одан бөлек халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында өзекті мәселе көтерген болатын. Шын мәнінде соңғы жылдары халық арасында интернет алаяқтарынан зардап шеккендердің саны артып келеді. Соңғы уақыттарда қаламызда алданып қалған тұрғындардың көбеймесе азаймай тұрғаны алаңдатуда. Бүгінгі шараныңда маңыздылығы тұрғындарды толықтай ақпараттандыру, алаяқтарға алданбай, сақ жүруге шақыру»,-деді қала әкімі.
Жиынға Түркістан облысы экономикалық тергеп тексеру департаменті аға жедел уәкілі Мұхамедали Нысанбек, қала прокурорының орынбасары Бекжан Балкибеков, қалалық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Азамат Сарсенкулов қатысып, көпшілікті қаржылық пирамидалар мен өзге де күмәнді инвестициялық жобаларға қаржы салмауға шақырды. Ал, банк өкілдері мен халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары әлеуметтік желіге құжат жүктемеу, жеке электронды кілттерді ешкімге бермеу керектігін түсіндірді.
Еркін форматта өткен басқосуда интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында видео ролик көрсетілді.