Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толды. Осыған орай қаладағы «Азалы ана» ескерткішінде ауған ардагерлеріне арналған жиын болып өтті. Іс-шараның мақсаты — сол Ауған соғысына қатысқан ардагерлердің ерліктерін дәріптеу, соғыс қасіретін бүгінгі жас ұрпаққа ұғындыру және отан қорғаудағы азаматтардың міндетін асқақтату.
Қала әкімі Жандос Тасов жиында сөз сөйлеп, ауған соғысы мен оған теңестірілген басқа да соғыс ардагерлерінің басынан кешкен қиындықтары туралы айтып өтіп, ардагерлердің батырлығы кейінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
«Он жылға созылған соғыста қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен жауынгерлеріміздің біразы туған жеріне оралмады. Осындай орны толмас қасіреттерге толы күндер ел есінен мәңгі ұмытылмайды. Отан алдындағы азаматтық борыштарыңызды абыроймен атқарып, құрмет қошеметке бөленіп жүре беріңіздер. Сіздердің өлшеусіз ерліктеріңіз бен отансүйгіштіктеріңіз жас ұрпаққа өнеге. Қаламызда өздеріңіздей батыр ағаларымыздың барын мақтан тұтамыз.», деді.
Ауған соғысы Кеңес армиясының жауынгерлері үшін де үлкен өмір сынағы болды.
Сол тұстағы жас жігіттер жауынгерлік, азаматтық борышына адалдық танытып, ауған даласында қайсарлық пен қаһармандықтың үлгісін көрсетті.
Жалындап тұрған жас шағында мыңдаған азаматтар жат елде жан тапсырып, тірі қалғандар майданнан түрлі жарақатпен оралды.
Айта кетейік, Ауғанстандағы шектеулі контингент әскерлері құрамында Қазақстаннан 22269 жауынгер өздерінің интернационалдық міндетін атқарса, отансүйгіштік қасиет бойына дарыған жауынгерлердің арасында біздің қаламыздан да соғысқа 140 тан аса жауынгер қатысты.
Шара соңында соғыс жылдары қаза тапқан батыр ардагерлердің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.