1989 жылы, ақпан айының 15-де талай аналарды перзенттерден айырған, мыңдаған жерлес бауырларымыз қаза тапқан қасіретті де, қайғылы да «Ауған соғысы» аяқталды. Жылдар өткенімен жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі ел есінде сақталуда.
Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай Хантағы ауылындағы №5 А.Құнанбаев атындағы орта мектепте «Ауған жауынгерлерінің ерлігі — жас ұрпаққа өнеге» атты кездесу кеші өтті. Іс шараға Ауған соғысына қатысып өздерінің азаматтық борышын өтеген ардагер Мырзахмет Дайрабаев пен мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Жасұлан Қасымов қатысты.
Қонақтар мектеп қабырғасында орналасқан Ауған соғысында қаза болған ардагерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. №5 А.Құнанбаев атындағы орта мектебінің басшысы Дархан Серікбаев пен ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы Жұбандық Құлжанов ауған соғысына адамзатқа алып келген зардабын түсіндірді.
Мектептің 8 «А» сынып оқушылары ардагерлерге арналған өлеңдер оқыды. Мектеп өнерпаздары Айбек Жақсылық «Туған жер» әнін орындаса, 5 сынып оқушылары Әшімхан Айдын, Арын Айша, Балнұр Сенбай «Рухты ару» әнін шырқады. Ауған ардагері Мырзахмет Дайрабаев қасіретті күндердегі естеліктерімен бөлісті. 5 сынып оқушылары Әшімхан Айдын мен Арын Айша «Ерке сылқым» күйін орындады. Кеш соңында кітапханашы Ш.Махамбетиярова «Ауған жауынгерлерінің ерлігі — жас ұрпаққа өнеге» атты ашық кітап көрмесіне шолу жасап, кітаптарды насихаттады.