gazetakentau
Кентау Gismeteo

ҚАЗ РУС

  • Қоғам
  • Заң
  • Билік
  • Білім
  • Мәдениет
  • Дерекқор
  • Спорт
  • Таным
  • Сұхбат
  • Анықтама
No Result
View All Result
  • Қоғам
  • Заң
  • Билік
  • Білім
  • Мәдениет
  • Дерекқор
  • Спорт
  • Таным
  • Сұхбат
  • Анықтама
No Result
View All Result
gazetakentau
No Result
View All Result
Home Жаңалықтар

Кентау қаласында «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасы» өскелең ұрпақ тәрбиесінде маңызды бетбұрыс жасап келеді

12 июня, 2025
in Жаңалықтар, Қоғам
0
Кентау қаласында «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасы» өскелең ұрпақ тәрбиесінде маңызды бетбұрыс жасап келеді
Share on FacebookShare on Twitter

Кентау қаласындағы Жастар ресурстық орталығында «Жас ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» атты маңызды іс-шара өтті. Шара «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасының» ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне арналды.

Жиынға Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов, қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесі мүшелері, мектеп психологтары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар мен ата-аналар комитетінің өкілдері қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – отбасы, мектеп және қоғам арасындағы тәрбие берудегі байланысты нығайту. Бұл туралы Қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының міндетін атқарушы Мамыржан Юлдашев:

– Ұлттық тәрбиенің іргетасы – отбасында, дамуы – мектепте, өрістеуі – қоғамда. Ата-аналар мен мұғалімдер бірлесе отырып, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ел мүддесін түсінетін ұрпақ тәрбиелеуі тиіс. Бүгінгі жастар – ертеңгі ел тірегі. «Бала тәрбиесі – бесіктен» деген дана халқымыз, – деп атап өтті.

Тәрбиенің тиімділігі ата-ана мен мектеп арасындағы ынтымақтастықта жатыр. Ал бұл байланыс неғұрлым тығыз болса, жас ұрпақ соғұрлым берік тәрбие алады.

2013 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан Кентау қалалық «Әжелер алқасы» бүгінде жас ұрпаққа ұлттық тәрбиені сіңіруде маңызды қызмет атқарып келеді. Алқа төрайымы Роза Жұмабаева:

– Әжелер – ұлт тәрбиесінің бастау көзі. Баланың бойына мінез, ізгілік, инабаттылық пен мәдениетті әженің ертегі, ананың әлдиі арқылы сіңетінін ұмытпауымыз керек. Тәрбие – ұлтты сақтайтын рухани күш. Сондықтан жастарымызға қазақы тәрбиенің дәнін егіп, олардың ұлттық болмысын ояту – басты парызымыз, – деді.

Алқа мүшелері мектеп жасындағы қыздарға кесте тігу, құрақ құрау, ұршық иіру сынды қолөнерді үйретуде. Сондай-ақ жастармен жат қылықтардың алдын алу, саламатты өмір салтын насихаттау бағытында да кездесулер тұрақты өтіп тұрады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Жолдауларында ұрпақ тәрбиесіндегі ата-әженің рөліне ерекше тоқталған болатын. Осы бағытты басшылыққа алған қалалық ардагерлер ұйымы мен «Әжелер алқасы» ұлттық тәрбиені насихаттаудың тың үлгілерін ұсынып келеді.

Мысалы, қалада алғаш рет өткен «Егіздер шеруі» де – ұмыт бола бастаған салт-дәстүрді жаңғыртуға бағытталған игі бастама. Шеруге 15 егіз ұл-қыз қатысты. Олар өз өнерлерін ортаға салып, ұлттық нақыштағы киіммен сахнаға шықты.

Ал қалалық балалар кітапханасымен бірлесіп ұйымдастырылған «Әжемнің ертегісі» атты бастама бүлдіршіндерді ертегі тыңдауға баулып, ұлттық дүниетаным негіздерін ерте жастан сіңіруді мақсат еткен.

Бұл орайда Бауыржан Момышұлының: «Ертегісіз өскен бала – рухани мүгедек адам», – деген нақылының өзектілігі бүгінгі қоғамда күннен-күнге арта түсуде.

Іс-шарада мектеп ұстаздары мен тәрбиешілер, ата-аналар, ардагерлер ұрпақ тәрбиесінің өзекті мәселелерін кеңінен талқылады. Пікірталас барысында ұлттық құндылықтарды сақтау, жасөспірімдердің бойына елдік сана мен отансүйгіштікті сіңіру бағытындағы тың ұсыныстар да айтылды.

Ұлттық тәрбиенің басты тірегі – отбасы. Ал отбасы мен мектеп, қоғам арасындағы үштаған байланыс жүйелі жұмыс істесе ғана, ел ертеңі болар жастарымыздың болашағы жарқын болары анық.

Previous Post

Төлеби ауданында жаңа қосалқы станция пайдалануға беріледі

Next Post

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

        E-mail:gazetakentau@mail.ru
Қабылдау бөлімі: тел:+7 776 666 5218

Сайт әкімшілігі материалды көшіріп басу кезінде kentauinfo.kz сайтына тікелей гиперсілтеме көрсетуді талап етеді

Біз әлеуметтік желіде

No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Cаясат
  • Қоғам
  • Билік

Кентау газеті gazeta-kentau.kz