Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Төлеби ауданына арнайы іссапармен барып, бірқатар әлеуметтік маңызды құрылыс нысандарын аралады.
Алдымен Ленгір қаласындағы тәулігіне 3500 м³ су өңдеуге қауқарлы «3-кәріздік тазарту қондырғысының» (КОС-3) құрылыс барысымен танысты. Бұл нысан іске қосылғанда қаланың кәріз жүйесіне қатысты негізгі мәселелердің түбегейлі шешілуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, №1 және №2 кәріз тазалау ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы қаралғаны атап өтілді.
Іссапар барысында Зұлпыхар Жолдасов «Алатау» шағынауданында салынған жаңа электр қосалқы станциясын да көрді. Құрылысы толық аяқталған станция бүгінде құжаттандыру сатысында. Маусым айының соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл жоба Ленгір қаласының «Қазығұрт», «Самал», «Алатау», «Шаңырақ» мөлтек аудандарындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталған.
«Алатау» мөлтек ауданында ұзындығы 22,4 шақырымды құрайтын жолдарға асфальт төсеу, суағар орнату және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысына жер кезегінде тұрған азаматтарға арналатын телімдерге электр жүйелері мен ауыз су құбырлары тартылған. Құрылыс толық аяқталған соң 562 азаматқа жер телімі беріледі деп күтілуде.
Сапар соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ленгір қаласындағы №1 су жинақтаушы құрылғының жұмысымен танысып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарын жүйелеу жөнінде тиісті тапсырмалар берді.



