Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Таза Қазақстан – бұл жай ғана акция емес, бұл – елдің болашағына деген жауапкершілік. Қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың борышы» деп атап өткен болатын. Мемлекет басшысының бұл сөзі елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастырудың, табиғатты аялаудың стратегиялық маңызын нақты айқындайды. Президент тапсырмасына сәйкес елімізде кең ауқымды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қолға алынып, бүкіл өңірлерде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Осы тұрғыдан алып қарағанда бұл бастаманы қоршаған ортаны таза ұстау арқылы келер ұрпаққа қолайлы табиғи орта қалдыруды көздейтін маңызды іс-шара деуге болады.
Бүгінде Шардара ауданында «Таза Қазақстан» акциясы кең көлемде өткізілуде. Аудан әкімдігі, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпорындар мен еріктілер бірлесе отырып, туған жерге деген жанашырлықты нақты іспен дәлелдеуде. Мұндай шаралар тек қоқыс жинаумен шектелмей, қоршаған ортаны күл-қоқыстан, қураған шөптен тазарту, халық арасында экологиялық мәдениетті арттыру, санитарлық нормалар мен тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару жолдарын түсіндіру сияқты бағыттарды қамтиды.
Айта кетейік, Шардара ауданы облыста су ресурстары мен жағажай аймақтарына бай, туризм мен ауыл шаруашылығы қатар дамып келе жатқан маңызды өңір болып табылады. Сондықтан, оның келбетін таза әрі көрікті күйде сақтау өте маңызды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан аумағында орналасқан елді мекендер, қоғамдық орындар, жол жиектері, демалыс аймақтары мен жағажайлар біртіндеп тазартылып, экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Сала мамандарының мәлімдеуінше, аталған шараларға аудан тұрғындары белсене қатысып, өз ауылын, қаласын көркейтуге өз еркімен атсалысуда. Әсіресе жастар мен еріктілер тобының белсенділігі жоғары. Олар тек тазалық жұмыстарымен ғана емес, ақпараттық-насихаттық бағыттағы акцияларға да үлес қосып, тұрғындарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндеп келеді.
Аудан әкімінің бастамасымен, әрбір ауылдық округ пен мекеме өз аумағында санитарлық тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, ауыл тұрғындарын осыған жұмылдырып отыр. Жыл соңында үздік елді мекендер мен ұжымдар арнайы марапатталып, сертификаттармен және материалдық қолдаумен ынталандырылатын болады.
«Таза Қазақстан» жай ғана сенбілік емес, ол ұрпақ алдындағы аманатқа адал болу жолындағы нақты әрекет. Табиғатты қорғау, туған жердің тазалығын сақтау бүгінгі ұрпақтың келешекке қалдыратын рухани және экологиялық мұрасы. Сондықтан әрбір азамат өзінің тұрғылықты мекенін, ауласын, көшесін таза ұстауға атсалысуы қажет екенін де айта кеткен жөн.
Шардара ауданында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасын табады. Аталмыш игі бастама өңір тұрғындарының экологиялық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, туған өлкеге деген сүйіспеншіліктің де нақты көрінісіне айналуда.



