Қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы орайда Кентау қаласында діни экстремизм мен теріс ағымдардың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Жуырда осындай мақсаттағы кезекті кездесу «Жасыл қала» мекемесі қызметкерлерімен өтті. Шараны Кентау қалалық Руханият орталығының теолог маманы Ұ.Құлтай жүргізді.
Кездесу барысында теолог маман радикалды діни ағымдардың қоғамға тигізетін кері әсері, олардың идеологиялық негіздері мен таралу жолдары туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар деструктивті діни ағымдардан сақтану жолдарына ерекше тоқталып, азаматтарға ақпаратты тек ресми және сенімді дереккөздерден алу қажеттігін баса айтты.
Кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасып, қатысушылар маманнан көкейде жүрген сауалдарына нақты жауап алды.
Мұндай іс-шаралар діни сауаттылықты арттырып қана қоймай, теріс ағымдардың алдын алуға, қоғамдық келісімді нығайтуға септігін тигізеді.



