Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылы елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бес жылдық «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама аясында республика көлемінде тазалық шаралары ұйымдастырылып, әр апта ерекше тақырыппен өтті. 2024 жылы өткен бес апталық экологиялық акция барысында «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» атауымен сан түрлі іс-шаралар атқарылды.
2025 жылы бұл бағдарлама өз жалғасын тауып отыр. Қазығұрт ауданында экологиялық тәрбие мен санитарлық тазалықты арттыру мақсатында 1 наурыз бен 30 қараша аралығын қамтитын кешенді «Таза Қазақстан» іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес әр ай сайын арнайы тақырыптық кезеңдер өткізіліп келеді. Атап айтар болсақ, наурыз айында – «Таза бастау», сәуір айында – «Жасыл толқын», мамыр айында – «Таза табиғат», маусым айында – «Киелі мекен» атты тақырыпта іс-шаралар ұйымдастырылса, алдағы шілде айында – «Тазалық – біздің қолымызда», тамыз айында – «Эко-акция», қыркүйек айында – «Күзгі тазалау», қазан айында – «Жасыл болашақ», қараша айында – «Тазалық жұмысшы кезеңі» атты тақырыптарда іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Аудан аумағында ауқымды тазарту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар А-2 Алматы–Термез тас жолының 49 шақырымының 40 шақырымы (81,6%) тазартылды. Қалған бөлігінде қайта тазалау жұмыстары қажет. Облыстық маңызы бар жолдардың 253 шақырымының 150,7 шақырымы (59,2%) қамтылды. Аудандық жолдардың 297,5 шақырымының 175,6 шақырымы (60%) тазартылды. Ауылішілік жолдардың жалпы ұзындығы 812,5 шақырым болса, оның 611 шақырымы (75,2%) тазаланды. Аудан аумағындағы 93 аялдаманың 55-і (59%) санитарлық тазартудан өтті. Сонымен қатар, 1 наурыздан бері 14 сенбілік ұйымдастырылып, оған 7 мыңға жуық тұрғын қатысқан. Қоғамдық шаралар барысында 35 арнайы техника жұмылдырылып, 26 тонна тұрмыстық және қатты қалдық шығарылды.
Тазалық – тек сенбілікпен немесе маусымдық шаралармен шектелмейді. Бұл – күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Осы мақсатта Қазығұрт ауданында құқықтық тәртіп те күшейтілген. 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабы (қоғамдық орындарды ластау) бойынша 205 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 4 300 909 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, 505-бап (абаттандыру қағидаларын бұзу) бойынша 85 хаттама рәсімделіп, 2 364 300 теңге айыппұл өндірілді.
Қазығұрт ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстар – бір реттік емес, жүйелі, нақты нәтижеге бағытталған іс-шаралар. Бұл – тек экологиялық ахуалды жақсарту ғана емес, ұрпаққа үлгі, мәдениетті қоғам құрудың алғышарты. Әрбір азаматтың қатысуымен тазалық пен тәртіпті өмір салтына айналдыру – ел болашағының кепілі.



