Кентау қалалық мәслихатының депутаты Арман Басаров Абай даңғылы мен Әл-Фараби көшесінің бойындағы бірнеше тұрғын үйлердің тұрғындарымен кездесу өткізді. Басқосуға қала әкімі Жандос Тасов, сондай-ақ коммуналдық және жол саласына жауапты бөлім басшылары қатысты.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған бірқатар мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда:
-
көпқабатты үйлер ауласындағы автотұрақтардың жетіспеушілігі;
-
балалар ойын алаңдарының тозығы жетуі;
-
түнгі жарық шамдарының жеткіліксіздігі;
-
күл-қоқыс орындарын қоршау қажеттігі.
Қала әкімі Жандос Тасов пен депутат Арман Басаров тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдап, әр мәселенің шешімі бақылауға алынатынын жеткізді.
— Тұрғындар көтерген мәселелер – өзекті әрі орынды. Олардың барлығы қала әкімдігі мен жауапты бөлімдерге нақты тапсырма ретінде жүктеледі. Балалар ойын алаңын жөндеу және автотұрақтарды кеңейту жұмыстары тамыз айына дейін аяқталады деп жоспарлануда, — деді депутат А.Басаров.
Кездесу соңында Арман Басаров қала тұрғындарына белсенділік танытқаны үшін алғысын білдіріп, мұндай ашық диалог алаңдарының жергілікті мәселелерді шешуде тиімді құрал екенін атап өтті.



