Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде халықты нәтижелі жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта Түркістан облысында да ауқымды іс-шаралар қолға алынған.
Биыл өңірде «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 130 769 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Оның 83 554-і немесе 63 пайызы тұрақты жұмыс орындары болмақ. Жылдың алғашқы жартыжылдығында 66 069 азаматты жұмыспен қамту көзделсе, бүгінгі таңда 56 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 22 380 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 33 619 адам уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған. Жалпы жұмыспен қамтылғандардың 36,7 пайызы немесе 20 526-сы – жұмысшы мамандық иелері.
Аталған мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды. Жиында аймақ басшысы жауапты органдарға жұмысты жүйелі жалғастырып, белгіленген индикаторлардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, өңір экономикасын дамытуға қосымша инвестициялар тартып, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу қажеттігін атап өтті.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар аясында өңірде 375 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру арқылы 4 074 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жылдың алғашқы жартысында 1 708 жұмыс орнын ашу көзделсе, қазіргі таңда 1 653 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 97 пайызға орындалған.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жеке инвестициялық жобалар тізбесі әзірленіп, 2024 жылы 125 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл арқылы 2 004 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 1 050-і тұрақты, 954-і уақытша жұмыс орындары. Қазіргі таңда 76 жоба іске асырылып, 900-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Қалған 49 жобаның орындалуы кезең-кезеңімен жалғасуда. Жобалар кәсіпкерлік, агроөнеркәсіп және туризм салаларын қамтиды.
«10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бағдарламасы шеңберінде 2025 жылға дейін 22 595 жұмыс орнын құру межеленген. Жыл басынан бері 3 374 орын ашылған. Сонымен қатар уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына 32 465 адамды жолдау жоспарланса, қазіргі таңда 21 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылып, тиісті кезеңнің жоспары 88,4 пайызға орындалды.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1 793 мемлекеттік қайтарымсыз грант қарастырылған. Бірінші кезеңде 862 азамат комиссияның оң қорытындысын алып, қаржыландыруға қол жеткізді. Алдағы уақытта грант иегерлерінің қаражатты мақсатты әрі тиімді пайдалануына қатысты мониторинг жүргізіледі.
Жыл басынан бері облыс аумағында 45 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, оған 937 жұмыс беруші қатысып, 1 829 адам жұмыспен қамтылған.
Жиын барысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова баяндама жасады. Облыстағы 50 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 75 мамандық бойынша 45 530 студент білім алуда. Оның ішінде 43 мамандық – жұмысшы мамандықтар. Оқу процесіне дуальді жүйе және модульдік білім беру бағдарламалары енгізілген. 2024–2025 оқу жылында 35 колледж 171 кәсіпорынмен қамқорлық туралы келісімшарт жасасқан. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 200 кәсіпорынға жеткізу жоспарланып отыр.
Жиын қорытындысында облыс әкімі еңбек адамының имиджін көтеру, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырып, халықты тұрақты әрі нәтижелі жұмыспен қамтуға басымдық беруді тапсырды.



