Түлкібас ауданына қарасты Арыс ауылдық округінде экотуризмді дамыту мақсатында «ALTY KÖL» жобасы іске қосылды. Жоба аясында табиғатқа жақын демалыс орындарын құру және ауыл шаруашылығын дамыту көзделген.
Жобаны жеке кәсіпкер Ғабит Пернебаев қолға алып, өзіне тиесілі 10 гектар жердің 5 гектарына 6 жасанды көл жасап, қалған аумаққа табиғи өсімдіктер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін отырғызды. Мұнда сәнді ағаштар, түрлі қауын-қарбыз түрлері, жүгері мен алма баулары бар.
Қазіргі кезде кәсіпкер көлдерге балық шаруашылығын дамыту үшін шабақтар жіберіп отыр. Екі көлге 10 мың дана хан (форель) және бекіре балығының шабақтары жіберілген. Алдағы уақытта қалған көлдерді де толтыру жоспарланған.
Кәсіпкердің жоспарында көлдерді тек экологиялық тұрғыдан сақтау ғана емес, аймақты демалыс орнына айналдыру да бар. Аймақта этноауыл, амфитеатр, шағын зообақ, демалыс үйлері, спорт алаңдары, атпен серуендеу секілді түрлі қызмет түрлері ұсынылады. Осылайша, демалушыларға табиғатқа жақын әрі белсенді демалыс ұсыну көзделіп отыр.
«ALTY KÖL» жобасының сызбасы Австриядан алынған идея бойынша жасалып, Ресей еліндегі білікті мамандардың көмегімен жүзеге асырылған. Аудан әкімі Асқар Естібаев және оның салаға жауапты орынбасары Ғани Құрманбай жобамен танысып, кәсіпкердің бастамасына қолдау көрсетті.
Аудан басшысы мемлекет тарапынан кәсіпкерге балық шаруашылығының жемінің 30 пайызын субсидиялау туралы ұсыныс жасады. Сонымен қатар, жобаны дамыту барысында аудан әкімінің орынбасарына арнайы тапсырмалар берілді.
Жалпы, биыл Түлкібас ауданында туризм саласын дамыту мақсатында құны 4,4 миллиард теңге болатын 3 ірі жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалар нәтижесінде 220 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
«ALTY KÖL» жобасы Түлкібас ауданында экотуризмді дамытуға бағытталған бірегей бастама болып табылады. Бұл жоба тек табиғатты қорғау мен ауыл шаруашылығын дамытуға ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға да ықпал етеді.



