Түркістан облысының түрлі аудандарының әкімдері мен облыстық басқармалардың басшылары Сауран ауданында болып, өңірдегі өндірістік аймақтардың жұмысымен танысты. Іссапар аясында, олар өңірлік кәсіпкерлікті дамыту тәжірибелерімен танысып, индустриялық жобалардың жүзеге асу барысын бақылап, өзара тәжірибе алмасты.
Іссапар барысында делегация Шаға ауылдық округіндегі өндірістік паркке барды. Бұл аймақта қазіргі таңда бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылуда. «BNK GROUP LTD» ЖШС ауыл шаруашылығына арналған тамшылатып суару жүйелері мен тіркемелі техникалар шығарумен айналысады. Бұл кәсіпорын өнімдерін тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және басқа да елдерге экспорттауды көздейді.
Сонымен қатар, делегация «Aqniet Holding» ЖШС компаниясына да барды, ол мектеп, кеңсе және медициналық жиһаз өндірісіне басымдық береді.
Еңбекші Дихан елді мекенінде орналасқан өндірістік аймаққа да назар аударылды. Бұл жерде «AR Group LLP» ЖШС клинкер қасбеттік плиткалар өндірісімен айналысады. Кәсіпорын өнімдері құрылыс саласына қажетті жоғары сапалы материалдарды ұсынады. Жоба бойынша 9 гектар жерге 24 кәсіпорын орналастыру жоспарлануда.
Қарашық ауылында 10 гектар аумақта орналасқан өндірістік аймақтың жағдайымен танысқан делегация, жалпы 20 жобаның іске асырылатынын білді. Қазіргі уақытта 12 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Сондай-ақ, Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «MinPromKaz» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын, «Asia Brand» ЖШС корпустық жиһаз және «DIVALUX» ЖШС жұмсақ жиһаз өндірісімен айналысады.
Сауран ауданының әкімдігі өндірістік аймақтарды дамыту бойынша көптеген жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бұл бастамалар өңір экономикасын әртараптандырып, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мен жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Аралау барысында тәжірибе алмасу, өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту және осы жобалардың басқа аймақтарда да жүзеге асырылуына серпін беру көзделді.
Сауран ауданындағы индустриялық аймақтар өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Түрлі жобалардың сәтті жүзеге асуы облыстың кәсіпкерлік инфрақұрылымын дамытуда маңызды рөл атқарып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына түрткі болатыны сөзсіз.



