Түркістан облысы, Сайрам ауданының Ақсукент ауылдық округінде 80 пәтерлі жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Оның 32 пәтері бүгінгі күні тұрғындар игілігіне берілді. Осы қуанышты сәтке орай, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып, баспаналы болған азаматтарды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
«Бүгін біз өте маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – арендалық тұрғын үйдің ашылуына куә болып отырмыз. Бұл — ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан нақты іс-шаралардың нәтижесі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, азаматтарды баспанамен қамту – еліміздегі стратегиялық басымдықтардың бірі. Облыста тұрғын үйге сұраныс жоғары болғандықтан, бұл мәселені шешу үшін кезең-кезеңімен түрлі шаралар жүзеге асырылып келеді. 2018–2024 жылдар аралығында облыс бойынша 7,7 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, оның ішінде 159 отбасы Сайрам ауданында жаңа пәтерлеріне қоныстанды. Бүгін тағы 32 отбасы жаңа баспаналы болды», – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Әкім жаңа пәтерлерге қол жеткізген тұрғындармен бірге үйлерді аралап шықты. Бұл тұрғын үйлер көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтар мен жетім балаларға арнайы бөлінген. Жаңа пәтерлер тұрғындардың өміріне жайлылық, тұрақтылық және жаңа үміт сыйлайды.
Екі қабатты алты тұрғын үй 1,1 гектар аумақта орналасқан. Оның ішінде 20 пәтер – 1 бөлмелі, 40 пәтер – 2 бөлмелі және 20 пәтер – 3 бөлмелі. Нысан құрылысын «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жеке инвесторлар қолға алып, биыл пайдалануға тапсырды.
Қазіргі таңда облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 69 мың азамат тіркелген. Оның 6 пайызы, яғни 4 251 адам, Сайрам ауданының тұрғындары болып табылады. Алдағы уақытта Ақсукент және Ақбастау ауылдарында тағы екі қабатты 96 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып отыр.
Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жалғасуда. Жаңа тұрғын үйлер облыс орталығы мен аудандарда салынып, баспана кезегінде тұрған азаматтарға табысталып жатыр.



